Бағбан болам десеңіз...

Өзіңнің бау-бақшаңның болғанына не жетсін?! Бәрі өз қолыңда. Көкөніс, жеміс, гүл атаулының бәрін өз қолыңмен өсіріп, күз шыға жемісін көріп отырған ғанибет қой! Бірақ олардың бабын табу да оңай шаруа емес. Олардың да белгілі бір тәртібі бар. Олай болса, көшет отырғызып, көк егіп жатқан сүйікті оқырмандарымызға берер бірер кеңесіміз бар. Жадыңызда жүрсін!

Ескі қолшатыр

Тозығы жеткен ескі қолшатырды қоқыс жәшігіне тастай салмаңыз. Оның тағы да бір қажеттілігі бар. Ол суықтан, тұзды жауыннан қорғай алады. Әрине, сізді емес, сіздің гүлдеріңізді, көкөніс, жемістеріңізді. «Қалай?» дейсіздер ғой?! Қолшатырыңыздың сабын алып тастап, шатырын көшетіңіздің үстіне жауып қойсаңыз, жаны нәзік кішкентай гүлдеріңізге қорған бола алады. Сондықтан, қолшатырыңыз сізді жауын-шашыннан қорғай алмаса, жинап алып қойыңыз. Керек болады!

Жұмыртқаның қабығы

Кішкентай көшеттерді жұмыртқа қабығына отырғызуға болады. Ықшамды әрі көшетіңізге құнарлы заттарға толы.

Жөргек

Бақтың аспалы сәнді құмыраларындағы гүл тез құрғап қалады. Ал құмыра ылғалдылықты сақтау үшін не істеу керек? Кәдімгі сәбилерге арналған жөргекті топырақ астына салып жіберсеңіз болады. Жөргек, алдымен, топырақтың артық суын өзіне сіңіріп алады да, кейін өсімдікті жаймен «суарып» отырады.   

Ескі велосипедтің дөңгелегі

Ескі заттарды пайдаға жарата білу керектігін жоғарыда айтқанбыз. Сол секілді ескі велосипедтің дөңгелегін мына суреттегідей орналастырып, қияр мен бұршақ, не шырмауыққа арналған жүйектер (грядка) жасай аласыз. Алыстан қарағанда, гүлді құбырға ұқсайтын болады. 

Суару

Өсімдікке суды мөлшерлеп құю үшін мынадай әдіс бар екен: босаған пластик бөтелкені саңылауымен қоса кесіп алып, өсімдіктің үстіне жауып, топыраққа бекіту керек. Содан соң, бөтелкеге су құйғандай саңылауына су жіберіледі. Бастысы, мөлшермен.

Атаулар 

Биші қыздай бұрала, әдіемі жайқалып өсіп тұрған өсімдіктеріңізді көріп, таңқалған адамдар «Мынау қандай гүл?» деп сұраса, мына  суреттердегідей етіп, тасқа жазып қойсаңыз, атын атап, түсін түстеп шаршамайсыз. Жауабы "тасқа таңба басқандай" көзге ұрып тұрады.

Шанышқы

Үй жануарлары бағыңызды ұнатып, ішіне жатып алса, пластикалық шанышқылардың үшкір басын жоғары қаратып қадап қойыңыз.

Улы жәндіктерге қарсы

Зиян жәндіктерді «қуып» жіберетін өсімдіктер сіздің бақшаңызды да, өзіңізді де қорғайды. "Уды у қайтарады " демекші, маса аз болсын десеңіз, настурция, түймешетен (пижма), майкене (клещевина) сынды өсімдіктерді ексеңіз болады. Құмырсқалардан арылу үшін жалбыз не жусан өсірген жақсы. Ал қоңыздарға барқытгүл қарсы тұрады. Пайдалы әрі сәнді.

Ұқсас жазбалар:

Гүл отырғыза білесіз бе?

Әлемдегі ең алып гүл