Жұлдызнама – жеке қасиет. Әр адамның тұлғалық ерекшеліктерін жұлдызнамасына қарап ажыратуға болады. Бүгін сіздерге тұрмыстық теxникамен байланыстырылған әзілқой жұлдызнама ұсынамыз. Алайда әзілдің де астарында ақиқат барын естен шығармаңыз.
Тоқты – тұрмыстық техниканың ішінде үтік. Сырт көзге сенің өмірің тегіс, жақсы, рет-ретімен жүріп жатуы мүмкін. Алайда белгілі бір температурада қызып, ашуланатыныңды өзің ғана білесің. Өмірде кездесетін түрлі проблемаларда салмақтылық пен шыдамдылық танытқаның дұрыс. Бастаған әрбір ісің табысты шығады. Осы қасиетті бағалай білу қажет.
Торпақ – тұрмыстық техниканың ішінде шәугім. Жиһаз жұлдызнамасы бойынша диван. Себебі өзіне тым сенімді әрі сабырлы болып келеді. Шәугіммін деп көңілді түсірудің қажеті жоқ. Бұл жердегі айтпақ ой – жылы, сенімді, көңілді сергітетін, бір дастарханның басында бәрін жинайтын ерекше қабілетің бар деген ниет. Достарың өте көп.
Егіздер – компьютер. Барлық жабдықтарың бар және пайдалысың. Ақылды процессорыңыз, анық мониторыңыз, ыңғайлы клавиатураңыз бар. Ең қиын мәселенің шешімін тауып, табысты нәтижеге жету үшін ерінбей еңбек етесіз. Басты талап – компьютердің тілін білетін негізгі тетік тышқанды дұрыс қозғай білу. Сондықтан өміріңіздегі құндылықтарыңызды дұрыс пайдалана біліңіз.
Шаян – тамақ дайындайтын сапалы әрі икемді газ плитасыз. Адамдарға үнемі жылу таратып, достық ұшқынын таратасыз. Қажетті кезде қолдау көрсетіп, жылы лебіз білдіресіз. Адал, пәк, әділеттісіз. Алайда әрнәрсенің өз уақыты және өз орны болатынын ұмытпаңыз.
Арыстан – техниканың ішінде шаңсорғышсыз. Іске қосылғанда айналадағы барлық дауыстардан сіздікі жарқын әрі қаттырақ шығады. Қажетсіз шаң-тозаңдарды сорып, айналаңызды тап-таза етіп жинастырып жүргенді жөн көресіз. Кез келген затқа мұқият қарағанды жақсы көресіз. Қиын-қыстау кезеңде адамға дем беріп, көңіл-күйін көтеріп, қолдау көрсетіп жүресіз. Ұсақ-түйек заттардан бастап, ірі заттарға дейін шаңсорғышпен тазалайтындықтан, кейде сақ болғаныңыз дұрыс. Әрнәрсенің аражігін ажырата білгеннің пайдасы зор. Сондықтан іске кіріспес бұрын Бұл маған қажет пе деп сұрақ қой.
Бикеш – бейнекамера. Әлемді, айналаны бақылап, зерттейді. Күтпеген жағдайда түсірілген дүниелер ертеңгі күні тарихи дерекке айналуы әбден мүмкін. Бұл – сіздің белгілі қабілетіңіз десе де болады. Алайда оны ақылмен қолданған жөн. Кез келген адамды камера арқылы жаман немесе жақсы етіп көрсетуге мүмкіндік бар. Сондықтан адаммен қарым-қатынаста жауапкершілікті сезініңіз.
Таразы – магнитофон, МР3, Іроd, музыкалық орталық, күйтабақ, өзге де жаңарған түрлері болуы мүмкін. Әлемдегі ең әсем әуендерді барша елге жеткізесіз, жүректерді жаулайсыз. Кһңіл-күйді әуенмен көтересіз. Десе де, талғампаз болып үйреніңіз.
Сарышаян – үй шаруасындағы комбайнсыз. Кез келген затты ұсақтап тастайсыз. Сізге бұл жолда кедергі болатын нәрсе жоқ. Билік басында болғыңыз келеді. Қаталдық танытып қоюды да жөн санайсыз. Жақсы ортаны қалыптастыру мақсатында алдымен сол жердің быт-шытын шығарып, жөндеп, тегістегенді ұнатасыз. Ескі мен жаңаны үйлестіруге бейімделіңіз.
Мерген – теледидар. Білмейтініңіз жоқ. Алуан түрлі тақырыпты қамтисыз. Қиялға ерік бересіз. Осы ерекшелігіңізбен тартымдысыз. Басты қасиет – жомарттық. Кез келген ақпаратпен бөлісуге әзірсіз. Адамға жақсылық жасағанда көмегіңізді теріс қабылдайтындардың барын ұмытпаңыз. Шындық пен жалған, ақ пен қараны ажырата біліңіз!
Таутеке – тоңазытқыш. Қарапайым, салмақты,қатал, мұқияттылығыңызға қарап, ішкі жан-дүниеңізге үңілу мүмкін емес. Ішкі әлеміңіздің толы немесе бос болуы өзіңізге байланысты.
Суқұйғыш – кір жуатын машина. Тазалық бәрінен маңызды. Әр істі тиянақты, белгілі бір бағдарлама негізінде жасайсыз. Тек шамаңызды шақтап үйреніңіз.
Балық – ұялы телефон. Біреу қоңырау шалмаса үнсіз жата бересіз. Өздігіңізден қозғалуға жоқсыз. Десе де кіммен қалай сөйлесудің ретін білесіз. Басты құндылық – ақпаратты қабылдау және тарату. Ешқашан ескірмейсіз, қартаймайсыз. Жасаруды жаныңыз сүйеді.