Бүгін біз оқырмандарымызға аяқ киімді күтуге арналған пайдалы кеңестер топтамасын ұсынамыз.
Аяқ киімді қасықшамен киеді. Өкшесі мыжылған аяқ киімнің бірден-ақ сыны кетеді, ұзамай сөгіле бастайды.
Жаңа аяқ киімнің өкше қажайтын болса аяққа тиген жерге балауыз жағады не спиртпен ысқылайды.
Әдетте біз аяқ киімді көшеге шығарда тазалаймыз. Ол дұрыс емес, асығыстық нәтиже бермейді. Біріншіден, аяқ киім жөнді тазармайды, жаққан крем сіңбейді, шалбардың балағын кірлетеді. Аяқ киімді жұмыстан келгенде тазартады: шаңын кетіріп, гуталин жағады да, бірер минуттан кейін щеткалайды. Шүберекпен ысқылап жылтыратады. Сосын аяқ киімнің басына шүберек не қағаз тығады. Аяқ киімді мыжылудан сақтаңыз. Ол да бір, мыж-мыж костюм де бір. «Дос – басқа, дұшпан аяққа қарайтынын» есте сақтаңыз.
Кейде аяғыңыздан да, аяқ киіміңізден де қолаңса иіс шығатыны бар. Оны аяғыңыздан не көнерген шұлықтан көресіз. Ал, шындығында, иістенетін – аяқ киім. Бұл – терінің сапасыздығынан болып жатыр. Оны нашатыр спиртімен, водород қышқылымен, болмаса «Тюльпан» атты арнайы иіс кетіретін дәрмекпен кетіреді. Формалинге батырылған шүберекпен сүртеді. Оны полиэтиленге орап, бір тәулік аяқ киімде қалдырады. Сосын аяқ киімді желге шығарып кептіреді.
Су болған аяқ киімді жылы жерге қойып кептіргенмен іс бітпейді. Керісінше, оның тым құрғап, бүрісіп қалуы мүмкін. Кепкен аяқ киімді дереу кастор майы, өсімдік майы, глицерин, вазелинмен жібітеді. Аяқ киім құрғап тарылып кетсе, «Разноска», «Разтяжка» кремдерін қолданады. Ол болмаса кебістің іші мен сыртын одеколонмен шылайды. Аяқ киім бірден-ақ созылып жүре береді. Дымқыл аяқ киімді пешке, батареяға кептірмейді. Ішіне қағаз толтырып, жылы жерге қойса болды. Қағаз дымқылды сорып алады. Оны өзгертіп тұру керек.
Аяқ киімнің сыртқы терісін бір нәрсеге соғып жалбыратып алсаңыз, әлгіні жұлып, лақтырып тастамаңыз. Ептеп кесіп, қағазға бүктеп алыңыз. Үйге келісімен, БВ желімімен орнына желімдей салып, үстінен тырнақ лагын жақсаңыз, орны көрінбей кетеді.
Лакталған кебісті өте ыстық немесе өте суықта кимейді. Суықта лагы жарылады. Ал ыстықта еріп, оңады. 300 - тан жоғары ыстықта ондай аяқ киімнің сырты балқып, бірден-ақ қалыбы кетеді. Лакты кебіске үнемі вазелин, глицирин, кастор майын жағу керек. 15-20 минуттан кейін әлгі жұмсартқыштардың сіңбегенін сүртіп тастайды, барқыт шүберекпен ысқылап, жылтыратады. Лакты аяқ киімдерді жылу жүйе-лерінен алыс, ораулы күйде сақтайды.
Дереккөз: baq.kz