«Еріні-і-і-іп тұрмын» деген сөзді кейбір таныстарыңыздың аузынан жиі еститін шығарсыз. Әлде өзіңіз де сол еріншектер еліненсіз бе?
Бала кезде мұны еркелікке баулуға болады, ал есейе келе бұл үлкен мәселе. Бір нәрсе істеуге ерінетін, бүгін бітіретін шаруасын ертеңге қалдыра беретін Жалқаубек үнемі шаршаңқы жүреді. Еріншектігінен де өз сыбағасынан құр қалады. Қатарластары белгілі бір жетістікке жеткенде, үлкен жұмыс бітіргенде ол өз-өзіне налиды. Еріншектік пен жетістіктің байланысы қандай дейсіз бе? Әр ісін уақытылы жасайтын адам барлығына үлгереді. Барлығына үлгерген адам жетістікке бір табан жақын. Жастар біз қиын нәрседен қашпаймыз, болмашы ұсақ-түйекке ғана ерінеміз деп жауап қатуы мүмкін. Ал, оларға былайша жауап беру керек: жалқаулық деген жаман энергия. Ол бойды билеп алады да адамның күш-қуатын кемітеді. Сосын өмір деген сол болмашы ұсақ-түйектен тұратындығын естен шығармағанымыз жөн. Тағы айта кетерлігі, ұсақ-түйек жинала келе үлкен бір жұмысқа айналады. Дәл қазір артыңнан бір кесе жумасаң, кешке үйілген ыдыс жуып қиналасың. Немесе бүгін бір пакет қоқыс тастамасаң, ертең ол көбейе түседі. Әрі саған өтініш айтқан, сенің көмегіңе сүйенген жақындарыңның көңіліне қаяу түсіресің. Саған сенім азаяды түбінде. Ең дұрысы, еркелік пен еріншектіктің ара-жігін ажыратып алу. Сол шектен аспау. Бүгінгі күннің несібесін бүгіннен қалдырмай алу. Жатар алдында «Мен бүгін не істедім? Кімге пайдам тиді?» деп есеп беру.