- Негізгі бет
- Жаднама
- Автоұрылардан сақтанудың жолдары...
Автоұрылардан сақтанудың жолдары
Автоұрлық оқиғалары елімізде жиі болса да, осы әрекеттің алдын алу жұмыстары мардымды жүргізіліп жатқан жоқ. 19 шілдеде болған оқыс оқиға алдағы уақытта осы олқылықтың бір жолға қойылуына сеп болады деп сенеміз. Өзінің арын, біреудің малын жейтін автоұрылардан қалай қорғану керек? Еліміздегі ұрылар көбіне қандай көлік маркасын және қалай ұрлайды? Massaget тілшісі осы сұрақтардың төңірегінде зерттеу жүргізіп көрді.
Итің ұры десе намыстанатын қазақпыз. Бұл өткеннің нақылы екен. Ақылға қонымсыз сияқты, бірақ ТМД елдерінің ішіндегі автоұрлық оқиғалары жиі орын алатын қалалардың рейтингінде Алматы мен Қарағанды екінші, үшінші орында тұр. Топ басында – Киев. Қазақстанда жылына 3000-4000 шамасында көлік ұрланып, іс қозғалады. Ал ауыл-аймақта бейресми түрде қағазға түспей қалып жатқан оқиғалар қаншама?!
Сұғанақ қолды ұрылар біздің елде қолды болған көліктерді шетел асырып жібереді. Жіктеп айтар болсақ, көбіне Қырғызстанға, Ресей мен Тәжікстанға жөнелтеді. Бұл әрекетті жалғыз ұрының өзі жүзеге асыра алмайтыны белгілі. Көмекке осы кәсіпті табыс көзіне айналдырған арнайы ұйымдасқан топтар келеді. Ал көп жағдайда көліктер бөлшектеліп, жекелей сайман ретінде сатылады.
2017 жылдың деректері бойынша, Қазақстанда ең көп ұрланатын көлік – Lada. Дәл осы марканың көп ұрлануына мына жағдайлар себеп: Lada көлігінің басым көпшілігінде дабыл қаққыш орнатылмауының салдары және бұл көлік кілттің көмегінсіз екі сымның бір-біріне тиюінен оңай оталады. Lada-дан кейін келесі кезекте Toyota (Corolla, Camry, Prado, Toyota Land Cruiser, RAV 4) және Mazda (626) маркалары Қазақстанда жиі ұрланады. Ал, соңғы уақытта автоұрылар Жапонияда жасалған көліктерге құда түсіп жүр.
Бір жылда ұрланған теміртұлпарлардың тізімін шығарғанда, көліктер көбіне жұмыс күндері, әсіресе сейсенбі күні қолды болатыны анықталған. Ал аптаның соңғы екі күнінде орын алған оқиғалардың көрсеткіші әлдеқайда аз. Олар да дәл сіз бен біз секілді, 5 күн жұмыс істеп 2 күн демалады екен.
Автокөлік ұрлау оқиғасы орын алған жағдайда айыпты азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 188, 200 бабы бойынша 5-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады. ҚР ІІМ жүргізушілерге көлік ішінде кілтті қалдырмауды қатаң ескертеді. Сонымен қатар, ақша, телефон, әмиян сияқты бағалы заттарды көлікте қалдырмауды, қалдырған жағдайда терезеден сырт адамға көрініп тұратын аумаққа қоймауды еске салады. Анық көрініп тұрған бағалы зат, тек көлік ұрыларының ғана емес, қарапайым жүргіншінің де заң бұзушылықтарға баруына итермелейді.
Әккі ұрылар көлікті немесе көліктің бөлшектерін түрлі тәсілмен ұрлайды. Ең қарапайымы, терезені сындыру арқылы жүзеге асады. Ал, бұл кәсіпке әбден машықтанғандар дабыл қаққышты сканер арқылы бұғаттап, кілт сұғатын орынға бұрағыш аспапты икеммен тығу арқылы ашады. Енді бір жүрек жұтқандар, көлікте отырған жүргізушіні алдаусыратып сыртқа шығарған уақытта екінші серігі рөлге бірден секіріп, жүргізушінің көзінше құйтырқы әрекеттерін жүзеге асырады.
Көбінесе көліктің айна, дөңгелек, терезе тазартқыш сияқты бөлшектері ұрланады. Осындай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін, ең тиімді кеңес, көлікті бейнекамерадан алыс аймаққа, жарық нашар түсетін аумаққа қоймаңыз. Дөңгелектерді қорғау үшін стандарт бойынша жасалатын бұранда емес, «құпия» бұрандаларды пайдаланыңыз немесе тапсырыс бойынша жасатыңыз. Бұл жағдайда ұрыға бұранданы босату мүмкін емес.
Дабыл қаққыштың қасына құрылғы қозғалған жағдайда дыбыс беретін тағы бір дабыл қаққыш орнатыңыз. Әйнек тазалағыштарды ұрылардан қорғау үшін бұранданың түбіне темірді жапсыруға қауқарлы желімнің (герметик) көмегімен жабыстырыңыз. Ал, қос қапталдағы айнаны сақтау қиын шаруа. Десе де, жеке айнаның өзіне қосымша дабыл қаққыш орнатуға болады.
Күні кеше Қазақстанның атын әлемге танытып, еліміздің айнасына айналған Денис Тен көліктің айнасын ұрламақшы болған қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Қазақ елінің абыройын асқақтатып, мәнерлеп сырғанаудан тарихта болмаған олимпиада жүлдесін сыйлаған алтын ұлдың өмірден өтуіне себеп болған сол айнаның бағасы қанша? 60 мың. Алты алаштың туын аспандатқан Денистің ғұмыры сол 60 мың теңгелік айна үшін аяқталды. Мұз ханзадасы жүрегі мұз боп қатқан пенделердің қолынан қаза тапты.
А. Қажиев