Әуе билетін арзанға алу үшін не істеу керек?

Әуе билетін арзанға алу үшін не істеу керек?
Фото: www.expedia.co.in

Жаздың үшінші айы басталғанына да бір аптадан асты. Күні кеше ҚР Ұлттық Банк өкілі еліміздің ішкі нарығында АҚШ долларына сұраныстың біршама артқанын мәлімдеген болатын. Себебі тамыз айында Қазақстан азаматтарының басым бөлігі еңбек демалысын алып, шетелге демалуға шығады. Сәйкесінше, ақшаларын америкалық валютаға айырбастайды.

Біз бұл сәтті пайдаланып, әуе билетін қалай арзан алуға болатынын анықтауға тырысып көрдік. Әдетте, әуе компанияларының билеттері сатылымға 330 күн бұрын шығарылады. Тәжірибелі мамандардың айтуынша, билетті ұшуға 45 күн қалғанда алу керек. Себебі оған дейін билет бағасына сұраныстың деңгейі анықталмайды. Сәйкесінше, бағасы да сұраныс бойынша өзгермейді.

Егер нақты ұшатын күніңіз маңызды болмаса, билеттің құнын тағы да арзандатудың амалы бар. Жиі саяхаттайтын америкалық журналист Питер Гринбергтің (Peter Greenberg) айтуынша, ең арзан билеттер аптаның сәрсенбі күні түнгі сағат 1:00-де сатылады. Бұл уақыт әуе компаниясының штаб-пәтері орналасқан қаланың уақыт белдеуіне тура келуі тиіс.

Питер Гринберг бірқатар басылымдар мен телешоуларда фрилансер тілші ретінде қызмет етіп, репортаждарды үнемі шетелден жасаған. Осылай ол жарты әлемді шарлап, эксклюзивті материалдарды дайындаумен айналысқан. Кейіннен Гринберг мырза саяхат туралы бірнеше кітап жазып, бестселлерлер авторы атанған.

Не үшін сәрсенбінің түні деп ойлағана боларсыз? Әуе компанияларының басым бөлігі ұшу билеттерін сатып алуға жексенбінің кешінен дүйсенбінің кешкі уақытына дейін жеңілдіктер береді. Ал осы уақыт аралығында брондалған билеттер қайтарылса, ол сейсенбі сәрсенбіге ауған түні сол бағамен қайта сатылымға шығарылады. Сондықтан бұл мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.

Қазақстанда әуе билеттерін туристік агенттіктер сатады. Ал интернет арқылы сату қызметін тек aviata.kz сайты жүзеге асырып отыр. Десе де, интернет арқылы сатып алуға ел азаматтарының басым бөлігі үйренбеген. Себебі олар қаншалықты тиімді екенін аңғармай жүр.

Туристік агенттік өз қызметі үшін қосымша комиссия алады. Сосын ол белгілі бір әуе компаниясының билетін сатумен айналысуы мүмкін. Нақтырақ айтар болсақ, ол сізге жеткілікті көлемде таңдау бермеуі мүмкін. Ал интернет арқылы билеттің ұшу бағыттары, транзиттік ауысымдар мен тиімді бағаларды салыстыра аласыз.

 

Алматыдан Парижге 45 күннен кейін ұшу билетінің құны - 88 959 теңге. Ал 20 күннен кейін ұшсаңыз, ең арзан билет бағасы 153 657 теңгеге тең. Ал бір апта қалған кезде билет сатып алсаңыз, 150 719 теңге төлейсіз. Билеттің ұшу уақыты жексенбінің кешіне тура келсе, билет арзандау болады.

Егер несие картаңызда ақша теңгеде болса, aviata.kz сайты арқылы сатып алғаныңыз жөн. Ал шетел валютасында ақшаңыз болса, онда skyscanner.net, priceline.com, flighthub.com, www.kayak.com, farecompare.com, lastminute.com, tripadvisor.com сынды сайттардан сатып алған тиімді. 

Ж. Өрісбай