- Негізгі бет
- Жаднама
- Әуе апаты кезінде...
Әуе апаты кезінде тірі қалудың 10 амалы
Төменде келтірілген нұсқаулықтарды мұқият орындасақ экстремалды жағдайларда тірі қалу мүмкіндігі арта түседі.
Ұшуға дейін не істеу керек?
1. Алып ұшақтарды таңдаңыз. Егер авиалайнерді таңдау мүмкіндігіңіз бар болса, онда алып ұшақтарды таңдаңыз. АҚШ азаматтық авиация федералды басқармасының (FAA) зерттеулеріне сүйенсек, үлкен ұшақтар апатқа ұшыраған жағдайда кинетикалық энергияны көп мөлшерде сіңіреді, ал бұл жолаушылардың тірі қалу мүмкіндігін арттырады.
2. Қауіпсіз орындарды таңдаңыз. Апат кезінде бүлінбейтін аймақ қауіпсіз болып саналады. Алайда, апат кезінде ұшақтың қай аймағы бүлінбейтінін алдын-ала болжау қиын. Сондықтан, апаттық жағдайда шығар есіктің төңірегінде отырған дұрыс. Гринвич университетінің математикалық модельдеу профессоры Эда Галидің айтуынша, авиаапаттарда тірі қалғандардың көбі шығар есікке жақын бес қатардың бірінде отырғандар. Бұдан алыс отырғандардың тірі қалу мүмкіндігі аз болған.
Егер орныңыз шығар есіктің төңірегінде болмаса, онда өткелдің жанынан орын таңдаңыз. Сізге дәретханаға бару оңай болады, сонымен қатар, иллюминатордың жанында отырғандарға қарағанда тірі қалу мүмкіндігіңіз артады.
3. Дұрыс киініңіз. Ұшақтарға жанармай көп құйылады, сондықтан апат кезінде өрт шығуы мүмкін. Шорты, белдемшелерге қарағанда етек-жеңі ұзын киімдер киюге тырысыңыз. Осылайша күйіп қалудың алдын аласыз. Нейлон мен басқа да синтетикалық материалдардан тігілген киімдер тез тұтанады, сондықтан ұшаққа табиғи маталардан – мақта мата, жүннен тоқылған және т.б. киімдерді киюге тырысыңыз. Сонымен қатар аяққа мығым тұратын аяқ киімдерді таңдаңыз. Егер жүгіру қажет болса, биік өкшелі туфлимен жүгіре алмайтыныңызды ескеріңіз, ал сүйретпелер аяғыңыздан түсіп қалуы мүмкін.
Бортта болғанда:
4. Қауіпсіздік ережесін сақтаңыз. Ұшақпен жиі ұшатын адамдар апат кезінде не істеу керектігін білмейтін болып шыққан. Қауіпсіздік ережелерінде шығу есіктері көрсетілген схема бар. Оны да алдын ала-біліп және жақын жердегі шығу есігі құлыпталған жағдайда басқа есіктерге қалай жетуге болатынын ойластырып алған жөн. Қауіпсіздік ережелерін оқи отырып апат кезінде шығатын жолыңызды ойша тұжырымдап алыңыз.
5. Ұшқаннан кейінгі 3 минут және қонар алдындағы 8 минут. Статистика бойынша әуе апаттарының 80%-ы осы ұшу мен қону кезіндегі 11 минутта болады екен. Осы уақытта ұйықтамауға тырысыңыз және бортқа ішімдік ішіп кірмеңіз. Бұл екеуі де зейін қоюді төмендетіп, әрекет етуге кедергі келтіреді.
6. Қауіпсіздік белбеуін тағып отырыңыз.
Оқыс жағдайда:
7. Дұрыс отырыңыз. Апаттық жағдайда қону кезінде қалай отырғандығыңыз, қонғанда артық жарақат алу-алмауыңызға әсер етеді. Егер алдыңғы жағыңызда орындық болса, оны қолыңызбен қапсыра құшақтап, арқасына басыңызбен жабысып алыңыз. Егер алдыңызда орындық жоқ болса немесе алыста болса, еңкейіп, басыңызды тізеңізге қойып, қолыңызбен жауып алыңыз.
8. Салқынқандылық танытыңыз. Бұл оңай болмаса да, байбаламға салынбаңыз. Көп нәрсе өзіңізге байланысты. Апат кезінде ұшқышпен байланыс үзілуі мүмкін, ал стюардессалар өз қамымен жүгіруі мүмкін. Мұндай жағдайда бәрін өз қолыңызға алып, тез әрекет етіңіз.
Суға қону кезінде суға батырмайтын жилетті алдын-ала киіп алу ұсынылады. Алайда мұны ұшақтан шыққанша кимеген дұрыс. Алдын-ала ауа толтырылған жилет салонда емін-еркін жүруіңізге кедергі келтіреді.
9. Жүгіңізді емес, өміріңізді құтқарыңыз. Сөрелерден жүк аламын деп жүріп өміріңіз үшін маңызды бірнеше секундты жоғалтып аласыз. Сонымен қатар, өзге жолаушылардың уақытын аласыз.
10. Қашыңыз. Өртенген ұшақ жерге кеп тірелгенде, оның жарылуына 90 секундтай уақыт қажет болады. Қауіпсіз қашықтық – апат болған жерден 150 метр қашықтық. Осы кезде аяқ киіміңіздің ыңғайлы болуы өте маңызды. Алайда ұшақтан тым алыс кетіп қалмаңыз, құтқарушыларды байқамай қалуыңыз мүмкін.
Сурет: svpressa.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина