"Аширит" тасы Әшірбай көпестің атымен аталған

1785 жылдары Семей қаласы құлдырап тұрды. Әшірбай атты жергілікті көпес даладан бір қап көк-жасыл түсті ірі тастар әкеледі. Халық арасында «Әшірбай зүбаржат (изумруд) тапты» деген қауесет тарайды. Көпес Коряков алдыңғы шебінің командирі полковник Бентамға бірнеше тас әкеліп береді. Ол тау металлургиясының инженері болатын, сондықтан бұл тастың белгісіз минерал екенін бірден түсінеді.

Семей тұрғындарының арасында түрлі күнәсі үшін жер аударылған немесе жылдам баю мақсатында алыс жерден келген авантюристер көп болатын. Олар зерттелмеген далада үлкен байлықтың жатқандығына сенетін. Көпес Әшірбайды барлығы адал адам ретінде танитын. Бір нұсқа бойынша, ол Ташкентте туып өскен бұқарлық Махмет-Ашир, ал келесі нұсқа бойынша — бұқар көпесі мәртебесін алған Семей қаласының жергілікті тұрғыны. Оның тегі Ашир-Магомет-Зарынов деп орысшаға бұрмаланған. Бірде Әшірбай тапқан зүбаржаттарды Петербургке жібереді. Бұл тастар ол жақта да ажиотаж тудырады. Сол тастардың ішіндегі ең ірілерін және әдемілерін Екатерина II патшайымына сыйлыққа беріп, қалғандарын жоғары бағаға сатып жіберген. «Қазақ зүбаржаттарын» бедерлеу қиынға соққандығы зергерлерді көп ойландырған. Тастардың жарылу бағыты және сынғыштығы зергерлік өңдеуді қиындатты.

Бір жыл өткен соң Семей қаласынан зүбаржат іздеуге экспедиция шықты. Оны полковник Бентам басқарды, ал жол көрсетуші Әшірбай болды. Көпестің арқасында қорғасын кенінің және «селитра жерінің» кен орнын тапты, ал келесі жылы Әшірбай Арқалық тауындағы күміс кенінің және ақық тастардың туған жерін көрсетті.

1793 жылы ғана неміс табиғат зерттеушісі Паллас таулы тастардың үлгісін алып, оларды зерттеді. Ол жаңа минералдың зүбаржатқа тек түсінің ұқсайтындығын, ал оның кристаллды торында еш ортақтық жоқ екендігін айтты. Бұл тас осы уақытқа дейін әлем бойынша тек бір жерде кездесетін белгісіз минерал болды. Әшірбай көпестің құрметіне жаңа минералды «аширит» деп атаған.

Ашириттің бағалы тас еместігі жаңа минерал ашылуының мәнін азайтпады. Себебі бұл сиректік пен әдеміліктің керемет үйлесімі. Ол эксклюзивті зергелік бұйымдарда қолданылады. Бұл тас икон жазуда минералды пигмент түрінде бағаланады. Одан бері екі ғасырдай уақыт өтті. Геологтар соған ұқсас минералдарды Чили, АҚШ, Заир және Намибидан тауып жатыр. Ғалымдар оған «диоптаз» ғылыми атауын берді.