- Негізгі бет
- Жаднама
- Әр білімді адам...
Әр білімді адам білуі тиіс этикеттің 100 ережесі (1-бөлім)
Бүгіннен бастап біз этикет ережелері бойынша материалдар сериясын жариялайтын боламыз. Бұлардың біреуін білсек, біреуін білмейтініміз анық. 10 бөлімнен тұратын 10 мақала біртіндеп жарық көретін болады. Бәрін оқып, жаттап алуға тырысыңыз. Сонымен:
1. Ер адамдарға сыйлауға болатын гүлдер: бақытгүл, раушан, қалампыр, тегеурінгүл, орхидея, бамбук, аққанат, лалагүл, антуриум, гладиолус, бәйшешек, сарыгүл, гербер, плюмерия, геликония, дәстүргүл, күнбағыс.
Жігіттерге гүл сыйлағанда түсіне де назар аударыңыз. Гүлдердің түсі күлгін, қою қызыл, ақ, көк және жасыл болғаны ләзім.
Ер адамдарға мынадай жағдайларда гүл сыйлауға болады:
1) Фильм премьерасына;
2) Концерт премьерасына;
3) Кітабы шыққанда;
4) Мақаласы жарық көрсе;
5) Жаңалық ашса;
6) Туған күніне;
7) Қандай да бір жүлдені табыстағанда;
8) Спорттағы жетістіктері үшін.
Бастыққа жасыл немесе көк-жасыл аққанат гүлін сыйлаған дұрыс деп есептеледі. Оны композициялау мен әдемілеп жинастыруды мамандарға тапсырған жөн.
2. Қол алысу
Әйел адамдармен қол алысып амандасу әдептілікке жатпайды, алайда егер ол өзі бірінші қолын созса, қолын алыңыз, бірақ жігіттермен амандасқан сияқты қатты қыспаңыз. Сонымен қатар сіздің қол алысуыңыз әйелдің қол алысуынан әлсіз болмауы тиіс, әйтпегенде ол сізді осал адам деп ойлап қалуы мүмкін.
Негізі этикет бойынша жасы үлкен адам бірінші болып қолын береді, ұстаз немесе жетекші – оқушыға, бастық – қызметкерімен. Алайда, қоғамда қалыптасқан тәртіпті сақтаған да жөн. Әйтпегенде, айналаңыздағы адамдар арасында түсінбестік тууы мүмкін.
Қол алысқанда көзіне тік қарап, достық ниетіңізді көрсетіп сәл жымиыңыз. Қол алысып жатқанда көзді тайдыру, басқа жаққа қарап тұру – инабатсыздық белгісі. Кейде көз тайдыру – өтірік алдап тұр дегеннен хабар береді, осылайша өзіңізге сенімсіздік тудырып алуыңыз мүмкін.
3. Тәрелкеге құйылған сорпаны өзіңізге қарай емес, сыртқа қарай еңкейтіп ішкен дұрыс. Кейбір дереккөздер тәрелкені мүлде еңкейтпеген жөн дейді.
4. Әйел адам үстелден тұрып кетіп бара жатқанда, ер адамдар әрдайым орындарынан тұруы қажет.
5. Әйелі мен күйеуі бірін-бірі «Жаным», «Қошақаным» деп атаудың еш сөлекеттігі жоқ, алайда бұл еркелетіп қойылған аттарды біреудің көзінше айту дұрыс емес. Бөтен адамдардың арасында тұрғанда бір-бірінің атын атап шақырғаны дұрыс.
6. Түтікше арқылы сусын ішіп жатқан болсаңыз, түбіне дейін, соңғы тамшысына дейін қылқылдатып ішпеген жөн. Соңында шығатын бүлкілдеген дыбыс ортақ әңгіменің шырқын бұзады.
7. Мейрамхана әдебінің негізгі ережелері мыналар:
а) Үлкен кесектерді ұсақтап турау қажет;
ә) Тағамды бүкіреймей, шынтағыңызды жинап, ешкімге кедергі келтірмей жеген дұрыс;
б) Тағам ыстық болса оны үрлеп суытуға болмайды, өзі суығанын күтіңіз;
в) Тағамды қасыққа кішкенеден салып жеңіз;
г) Саусақты ауызбен жаламай, майлықты пайдаланыңыз;
ғ) Аузыңызды тек майлықпен сүртіңіз;
д) Ауызға тағамды толтыра сөйлеу – әдепсіздік;
ж) Егер тағамды бәрі қолмен жеп жатса, өзіңіз шанышқы немесе қасық пайдалансаңыз болады;
з) Және ас үстеліне ұялы телефон қоюға болмайды.
8. Көпшіліктің алдында немесе әңгімелесу кезінде сағыз шайнап тұру – дөрекілік белгісі.
9. Біреумен әңгімелесіп тұрып сағатқа жалтақтау немесе ұялы телефонды шұқылау – тәрбиесіздік. Әңгіме сізге тіпті қызық емес болса да мұны көрсетпеңіз.
10. Баспалдақта:
- Егер баспалдақпен ер мен әйел көтеріліп бара жатса, ер адам әйел адамды артта қалдыруы тиіс, ал түсіп бара жатса, әйел адамды алдыға шығарып, өзі артынан түсуі тиіс. Бірақ егер баспалдақ тым тар, тіп-тік немесе қараңғы болса, онда ер адам әйел адамның алдында жүргені дұрыс.
- Баспалдақпен келе жатқанда, әйел адам сүйеніші бар жақпен жүреді. Егер алдынан ер адам шығып қалса, оң жақпен жүру ережесіне сай келмесе де ол сүйеніштен алыстамаса болады.
- Баспалдақта тұрған ер адам сүйеніші бар жақты әйелдерге, қарттарға және балаларға ұсынған жөн.
- Ер адам әйел адаммен қол ұстасып баспалдақпен көтеріліп бара жатқанда да, түсіп бара жатқанда да, ер адамның денесі әйел адамға сүйеу бола алатын қашықтықта жүргені дұрыс. Және әйел адамды қолынан сүйрелеп, тез көтерілмеген абзал.
- Егер алдыңыздан үлкен жүк көтеріп келе жатқан адамды жолықтырсаңыз оған жол беріп, өзіңіз жақын жердегі ашық алаңда тұра тұрыңыз.
Жалғасы бар...
Сурет: www.dw.de
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina