- Негізгі бет
- Жаднама
- Апта кеңесі. Шығармашылықтың...
Апта кеңесі. Шығармашылықтың адамысыз ба?
Бұл сұраққа көбіміз өз-өзімізге сенімсіз болғандықтан, "жоқ" деп жауап беруіміз мүмкін. Дегенмен, әлдебір біз білмейтін қасиет жүрегіміздің түбінде бұғып жатқаны сөзсіз. Ендеше, өзіңізді шығармашылықтың адамы ретінде сезінетін кез келді. Қолымнан түк келмейді деген ойды лақтырып тастайтын уақыт жетті.
Бұл аптада Эйнштейн жүзеге асырған "шығармашылық елес" әдісін пайдаланып көрейік. Эйнштейн үнемі өзіне "біртүрлі" сұрақтар қойғанын білетін шығарсыз. Ол "Жаһанның жарығы қисая ма, қисаятын болса, мен көріп тұрған заттың қай жерде тұрғанын қалай білемін?" немесе "Егер мен жердің шетіне дейін сәуле бойымен жүріп өтсем, не болады?" деген сияқты сұрақтар қойып, оларға жауап алуға барынша тырысқан.
Ойдың шегі жоқ деп жатады. Ойыңызды еркіндікке жіберіп, айналадағы әр құбылысқа осындай қисынсыз сұрақтар қойып көріңіз. Күн сайынғы қатып қалған тірлік заңының шеңберінде қалған ойға бостандық беріп, оның бар мүмкіндігін пайдаланыңыз. Адам өз миының тек 10 пайызын ғана іске қосады екен...
Ғажайыпты алыстан іздеп сарсаңға түсетін адамдар көп. Таңғажайып дүниені жеті қат жердің астынан іздеудің қажеті жоқ, ең керемет туынды - өзіміз.
Данышпан даралардың адам сенгісіз әрекеттерге барғаны рас. Бәлкім олар осындай қисынсыз сұрақтары мен тосын әрекеттері арқылы данышпандық биігіне көтерілген шығар? Кім білсін?..
Апта кеңесін Тони Бьюзенге сүйене отырып ұсынған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: podruzhki.ru
Р. Роза