Адам бойынан мейірімділік, адамгершілік, кішіпейілділік сияқты қасиеттер табылса, ол адамдық атын ақтағаны. Мейірімділік, қайырымдылық, жақынына қайғыра және қуана білгендік нағыз бақыттың негізін қалайды. Ендеше, осы аптаны мейірімділік аптасы деп жариялайық. Ал істейтін ізгі амалдар айналада толып жатыр: киім, кітап, ойыншықтар жинап, балалар үйіне, жағдайы нашар отбасыларға апару, қартайған зейнеткерлеге көмектесіп, оларға азық-түлік алып, қонаққа бару, қиын жағдайда ауруханада жатқан адамдарға ақшалай көмектесу. Тіпті, досыңызға қиын жағдайдан шығуға кеңес беріп, ініңіздің сабағына көмектессеңіз де болады.
Адам баласы жақсы амалдар істеуге бейім, жақынына әрдайым көмекке келуге дайын болуы керек. Қайырлы істер жасау оңай, тек оны шын жүректен, жақсы ниетпен қаласаңыз болғаны. Істеген жақсылықтарыңызды ешкімге айтпай, атақ-даңқ үшін жасамасаңыз, одан да жақсы.
Әрқашан мейірімді, адал, батыл, қамқор адам болып қалайық! Адам деген атымызды ақтайық! Мейрімділік аптасы бір апта ғана жалғасып қоймай, өмірлік ұранымыз болсын! Мейірімділіксіз, қайырымдылықсыз бұл өмірде бақыт жоқ. Айналымызға қарап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшымызды созайық. Бәріміз де осы өмірдің бір бөлігіміз. Өмірімізді жақсарту өзіміздің қолымызда!