- Негізгі бет
- Жаднама
- Америкалық әйел омыртқа...
Америкалық әйел омыртқа отасынан соң мүлдем білмейтін орысша акцентпен сөйлей бастаған
Техас штатының 39 жастағы тұрғыны Эбби Фендер белінің ауырғанына байланысты дәрігерге барған. Дәрігерлер грыжа деген диагноз қойып, әйелге ота жасаған. Анестезиядан кейін Эбби өзіне тән тександық акцент жоғалып кеткенін, ағылшын тілінде орыс акцентімен, тіпті мультфильм кейіпкерінің дауысымен сөйлейтінін байқаған. Бұл туралы Daily Mail жазды.
Отадан кейін Эбби даусын көтеріп сөйлей бастаған.
"Минни Маус мультфильмі сияқты, шығысеуропалық – орыс немесе украин акцентімен сөйлей бастадым. Менен Америкаға қайдан келгенімді күніне он рет сұрайды", - дейді ол.
Сирек синдром
Бастапқыда абдырап қалған дәрігерлер Эбби Фендерге "Шетел акцент синдромы" деп аталатын сирек ауру диагнозын қойған. Бірақ олар аурудың қалай пайда болғанын біле алмаған.
Шетелдік акцент синдромы мидың сөйлеу орталығының зақымдалуымен байланысты және ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі, көп жағдайда инсульттан кейін немесе жарақаттар мен ісіктерге байланысты пайда болады.
Бұл аурумен ауыратын адамдар сөздерді басқаша айтады. Мысалы, олардың сөздік қоры өзгереді және олар бұрын білмейтін тілде өз ойын жеткізе алады.
Эббидің мультфильм даусымен және орыс акцентімен неге сөйлей бастағанын дәрігерлер анықтай алмады. Әйелдің МРТ-сы, басқа да бірқатар зерттеулер нәтиже бермеген. Омыртқааралық грыжаны алып тастау кезінде дәрігерлер жүйкеге зақым келтіруі мүмкін деген болжам жасалған.
Логопед көмегі
Эбби логопедтерге жүгінген. Олар науқастың дауысын қалпына келтіруге және бұрынғы акцентіне оралуға көмектескен.
"Енді мен тек қана белгілі бір сөйлеу әдістерін қолданғанда ғана тександық акцентпен сөйлей аламын, бірақ әдеттен тыс екпін маған әлі де анда-санда оралады, сондықтан мен жақында кенеттен аустралиялық акцентке ауыстым", - деді Эбби.
Шетел акцент синдромы дегеніміз не?
Шетел акцент синдромы – науқас өзінің табиғи сөйлеу мәнерінен ерекшеленетін акцентпен сөйлейтін сирек жағдай. Әдетте бұл бастың немесе мидың жарақатының нәтижесі, ең көп тараған себебі инсульт.
Шетел акцент синдромы айларға немесе жылдарға созылуы мүмкін, кейде одан айығу мүмкін емес.
Т. Раушанұлы