Алғашқы махаббаттың ләззаты

Ол кезде мен бүлдіршіндей бойжеткенге ғашық болып жүрдім, оның тірсегіне түсетін қолаң шашына, қарақаттай мөлдіреген көзіне, бәрін айт та, бірін айт арайлы таңдай күлімсіреген ажарлы жүзіне баспалдақ тектес орналасқан сыныптың бір бұрышында жым-жырт отырып қадала қарауды ұнатушы едім.

Абайсызда ол жайында аңдамай әлденелерді айтып қойғанымды білмеймін, бөлмелестерім менің оған күйіп жүретінімді біледі екен.

Бірақ ол кезде мен қатты жасық едім, өзгелер сияқты ұнатқан қызымның соңынан тақымдап түсіп алуға батылдық ете алмайтынмын, бөлмедегі жолдастар талай рет онымен кездесудің орайын тудырып берді, бірақ оны көрген сәтте-ақ жүрегім аттай тулап, құтым қашады. Көңілге бүккен қыз жайында махаббаттың құрамы болса болғаны, онымен табиғи араласу тым қиынға соғады екен. Ал ол менің ернімнің ұшындағы күбірді каперіне де алмайтын сияқты, тек күліп қана қояды.

Менің оған деген сағынышым жанымды жегі құрттай кеміріп барады, мен өз сағынышымды кең ойланып, терең толғанып, дәптеріме жаза бердім. Талай түндерде күйзеле отырып толып жатқан шағын нәрселерді жаздым. Мұны оған беруге батылдық ете алмай, кітаптың ішіне қыстырып қоямын. Сол нәрселерді жазып болып, бақытқа және ләззатқа кенеліп жүремін. Бір күні сыныпқа кіре бере ыңғайсыз күйге түсіп қалғандай болдым. Сыныптағы қыздар шетінен маған жымыңдап қарайды, әсіресе оның отты жанары жарқ-жұрқ етіп өңменімнен өтіп барады, мұның байыбына бара алмадым, неден азып, неден жазғанымды да біле алмадым. Жанымдағы парталасымнан не болды деп сұрадым.

Ол жымиып күлді де, мектеп журналын үндемей алдыма тастай берді. Мен күдіктене отырып, журналдың беттерін парақтай жөнелдім, одан ақ ниет, риясыз көңілмен жазған әлгі нәрселерімді көргенде, күйзеліп-ақ кеттім. Бұл мектеп журналына басылып отыр, оның үстіне екі тақырып қойылыпты: «Қол ұшыңды бер жарай ма?», ал «Ш деген бойжеткенге арнадым» деген қосымша тақырып қойылуы тіпті де сорақы болды! Ш әне отыр ғой.

Мен оны сорлатқан болдым деген ойға келдім. Тулай соққан жүрегімнің үні өзіме айқын естіліп тұр, зәре-құтым ұшып кетті, қатты састым, ұятты болдым деген ой қабаттасып еңсемді баса берді. Мені кімдердің осыншалық тәлкек еткеніне ойым жетпеді. Мен Ш-ға көз қырымды салдым, ол маған тесіле қарап отыр екен, екі бетім ду ете түсті. Сасқанымнан төмен қарадым, жанарымның тағы жанасып қалуынан қорықтым.

Сынып іші құлаққа ұрған танадай жым-жырт, ес-ақылдан жұрдай болған осынау шақта, әлдебіреудің ту сыртымда тұрғанын байқадым, одан ол әдемі сүйрік қолдарын маған созды, басымды көтердім, оның мөп-мөлдір жанарынан дәтке қуат берудің, жағымдылықтың лебі еседі, сол рет оның биязы, сүйрік қолдарын ұстағаным, тәтті сезімнің жүрегіме ұялағандығы күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.

"Алғашқы махаббат" әні, Мейрамбек Беспаев

writeFlash({"src":"https://app.box.com/embed/6iiyyhs6at9uo8j.swf","wmode":"opaque","allowfullscreen":"true","width":"450","height":"35"});

Талай жылдардан кейін, сыныптастар бас қостық, мен сол реткі сорақы ойынды сұрадым, жолдастарымның барлығы біз емеспіз десті.

Бәріміз кім екендігіне бас қатырып отырған шақта, менің жанымда отырған Ш ақырын ғана жымиып күліп: «Ойларыңа мен неге түспеймін?» деді.

Менің дал болып аңтарылып отырғанымды көрген Ш амалы таусылғандай басын шайқап: «Мені кім сендей ынжықты сүйсін деп зорлапты? Іс дамып, осы дәрежеге жеткенге дейін сен тұқырайып жерге қарап жүріп алдың, сонсын өзім атқа міндім. Олай болмағанда, біз әлдеқашан ағат кеткен болар едік».

Мен үңіле қарадым, қолын қыстым, талай жылдың алдындағы сол алғашқы махаббаттың ләззатына қарыздар екенімді білдірдім.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: picnic.com