Әлеуметтік желі: Неге адамдар бар қызықтан қалып қойғандай күй кешеді?

Әлеуметтік желідегі лентаны ашсаңыз, таныс болсын, таныс болмасын – барлығы табысты адамдар. Бұрынғы әріптестеріңіз бен сыныптастарыңыздың өмірі (мансабы) керемет: конференцияларда жүреді, блог жүргізеді, көп кітап оқиды, саяхаттайды және қызықты жерлер мен көрмелерде жүреді.  Ал сіз өзіңізді өмірден қалып қойғандай сезінесіз.

Егер осы айтылған жағдайдан өзіңізді танысаңыз, ол FOMO (feeling of missing out) синдромы болуы мүмкін. Ол – маңызды нәрсені жіберіп алу қорқынышы. Психологтардың айтуынша, бұл синдромы бар адамдардың көбеюіне әлеуметтік желілер ықпал етіп отыр. Себебі әлеуметтік желіде бірі өз өмірін тек жақсы жағынан көрсетуге тырысса, басқасы FOMO әсеріне беріліп, өзіне деген сенімділікті жоғалтып, өзі үшін шынымен де маңызды нәрсені ұмытып жатады.

Бұл синдром туралы мақаланы алғаш рет бірінші курс студенттеріне зерттеу жүргізген Патрик Макгиннис Гарвард бизнес мектебінің журналына хабарлайды. Ал 2013 жылы FOMO термині ресми түрде Оксфорд сөздігіне енеді.

Интернет қолданушылардағы FOMO белгілері:

- Жаңалықты және қызықты жазбаны өткізіп алудан қорқу;
- Үнемі лентаны жаңартқысы келу;
- Басқалардың өмірін жақсырақ көру;
- Өзіне зейін аудартқысы келу;
- Барлығына ұнағысы келу.

FOMO эффектісін маркетологтарға жұмыс істетуге болады. Тауарларды тиімді өткізу үшін жарнамада қандай әдістер қолдануға болады?

Асығыстық
Уақыт тапшылығы – адамды жылдам әрекет етуге итермелейтін әдіс. FOMO синдромы бар адамдар импульсті сауда жасауға бейімді болып келеді. Олар пайда көруден гөрі мүмкіндікті жоғалтып алудан көбірек қорқады. Сондықтан кері санаушы таймерлер, аз уақыт қалғандығын баяндайтын мәтіндер қолданған жөн. Мысалы: "Бұл тауарды алуға 15 күн қалды".

Өнім шектеулігі
Егер тауар немесе қызмет шектеулі мөлшерде болса, олар шынымен де өзіне зейін аудартады және бағалы бола түседі. Сондықтан оны дәл қазір сатып алмаса, мүмкіндіктерін жоғалтып алатындығына сендіру керек. Адамдар жақын арада бітіп қалатын затты алуға құмар келеді. Мысалы: "Бұл үйде 3 пәтер ғана қалды".

Әлеуметтік айырбас
Флешмоб, марафон және конкурстар – олардың барлығы тұтынушы қызығушылығын тудырады. Адамдар сыйлық үшін сөйлесуге, ұсыныс жасауға, репост жасап, лайк қоюға дайын. Тұтынушының сыйлық алу ынтасы компанияға зейін аудартады, ал тұтынушылардың өзара белсенділігі өніммен жақын танысуға көмектеседі.

Әсермен бөлісу
Пайдаланушы контентті қолдануға болады: адамдар өнім туралы әсерімен бөліседі, ол өндірушінің сайтынаа немесе әлеуметтік желідегі парақшасына шығады. FOMO синдромы бар адамдардың көпшілігі өзіне зейін аудартқанды ұнатады, сондықтан интернет-дүкеніңізді дамыту үшін басқалардың видео-әсерлерін (мысалы, конкурс жариялау арқылы) жарнама ретінде қолдануға болады.

Бедел
Адамдар сарапшылар мойындаған өнімге немесе қызметке сенеді. Сондықтан компаниялар өз өніміне мынадай сөйлемді қосады: "бұл өнімді жетекші стомотологтар, дерматологтар мақұлдады/өндірді/сынақтан өткізді/ұсынды". Сол секілді "бұл кремді әлемнің 20 000 косметологы ұсынды" десе, сенбеуі мүмкін емес. Сонымен қатар, өнім жарнамасына халықтың сүйіктісіне айналған актер (актриса) немесе әншілерді тарту өте тиімді нәтиже береді.

Көпшілікпен бірге болу
Адам көпшілік сенген тауар шынымен де жақсы шығар деп ойлайды. Бұл адам табиғатының құрылысымен және базалық қауіпсіздік түйсігімен байланысты. Сондықтан компаниялар жиі өнімнің кең таралғандығына екпін қойып, мәтініне қолданады. Мысалы, "біздің тауарды миллион адам алды" немесе "бұл өнімді 24 сағат ішінде 30 мың адам сатып алды". Сәйкесінше, FOMO синдромы бар адамдар "мен де алып үлгерейін" деп ойлайды.