Бізді қоршаған ортаның өз заңдылықтары бар. Соның бірі адамның өмір сүруі, қажеттілігі мен мүмкіндігі. Осыларды қалыптастыратын жұмыс күші. Жұмыстан алатын ләззатыңыз. Ал ол ләззатты – беретін жалақы.
Сіз әлемдегі ең қымбат жалақыға ие болатын жұмысты білесіз бе?! Ол кәсіпкерлер немесе президенттер деп ойларсыз. Жоқ. Ол жұмыстың аты – жақсылық.
Жақсылық жасау әлемдегі ең қымбат және өте қарапайым жұмыс. Ең қымбат болатыны оны жасау үшін сіз түрлі қиындықтарға барасыз. Өзіңіздің уақытыңызды өзгеге қиясыз. Ал қарапайым болатыны ол үшін сіз жалақы алмайсыз. Бірақ алғыс аласыз. Бір алғыстың құны сіз тауып жүрген материалдық құндылықтан мың есе көп. Өйткені бір реттік жалақы сізді ол біткенше ғана қанағаттандыруы мүмкін. Ал алғыс көңіліңізде ұзағынан қалады. Ол адам немесе жақсылық жасаған нысанаңыз сізді көрген сайын мақтап жүреді, сіздей азаматтың барына қуанады, сізді жақын тартады. Ал бұл адамгершіліктің ең биік шыңы.
Жақсылық жасаудан ләззаттану еңбек етіп алған жалақымен ләззаттану секілді дүние. Көңілдің тоқтығы жақсы, бірақ көңіл шекарасынан асып қуанышқа бөленсін десеңіз жай ғана жақсылық жасаңыз.
Жақсылықты іздеудің қажеті жоқ. Ол жұмыс сізді қоршап тұр. Айналаңызда жақсылықтан асқан жұмыс жоқ. Күнделікті есіктен шыққанда көршіңізге амандасыңыз, жолыңызда жатқан тасты біреуге кедергі болар деген оймен ғана алып тастай салыңыз, ең оңайы құлазып отырған адамға «бәрі жақсы болады» деңіз. Сөз – дерттің емі. Сондықтан іспен де, сөзбен де жақсылық жасауға болады.
Біреуді күлдіру, біреуді қуанту, біреуді жұбатудан асқан адам үшін ләззат болмас. Адамның байлығы адамдығында. Материалдық құндылық қажеттілік қана. Ал оны сүйіспеншілікпен жасау, парызым деп білу басқа дүние.
Ертең-ақ жұмысқа орналасыңыз. Сізді мол табыс күтіп тұр. Қолыңыздан келетін кез келген нәрсемен жақсылық жасаңыз. Ақысыз, бірақ бақытты болуға, күліп жүруге үйрететін жұмыстың ләззатын сезініңіз.
Жақсылық жасау әлсіздік немесе ұят дүние деп санасаңыз, сіз әлемдегі ең кедей адамсыз.