Сіз өзіңізді ақылды жандардың қатарына қосасыз ба? Достарыңыз бен туыстарыңызды ше? Мүмкін "мен неге ақылды емеспін" деп ойланып көрген де боларсыз? Бәлкім өзіңізге ақыл үйретер дос іздеп жүрген шығарсыз? Олай болса ақылды адамдардың ерекшеліктерін біліп алғаныңыз дұрыс болар.
Ақылды адамдар аз сөйлеп, көп тыңдайды. «Үндемес те бәле бар» деген сөз де бекер айтылмаған. Көпшілік мұндай жандарды көзіне көп іле бермейді. Ал, шын мәнінде, олар ақылды жандар. Себебі аз сөйлеп, көп тыңдайтындар өздерінің осы бір ерекше қасиеті арқылы қажетті ақпараттарын жинап алады екен.
Ақылды адамдар бар білгенін жұмыста, болмаса жұртқа көрсету үшін ортаға сала бермейді. Олар қоршаған орта мен адамдарға қарап, олардың істеріне баға беріп қана қорытынды шығарады. Жеке қызығушылығының арқасында таным көкжиектерін кеңейте түседі.
Ақылды адамдар жұмыс, үй және жеке қызығушылығын өзара үйлестіре біледі. Мақсатына жету жолында түрлі бағытқа бет бұрып, бағын сынап көреді. Олар үшін сәтсіздік сын емес.
Ақылды адамдар күнделікті жаңалықтарды ой елегінен өткізіп отырады. Оларды қоғамдағы кез келген мәселе толғандырады. Әлемдегі жаңалықтардан күнде хабардар болып отырады. Ғаламтор желісінде пайдалы ақпараттарды оқып, әлеуметтік желілерге жиі бас сұғады.
Ақылды адамдардың тағдыр тауқыметі тауын шаға алмайды. Олар жоспарлары жүзеге аспай жатса да, жолы болмай жүрсе де, Жаратушысына тіл тигізбейді. Бар қиыншылықты күліп тұрып қарсы алып, күліп тұрып шығарып салады. Күйзелгенмен, өмірден түңілу деген сезімді ойына да алмайды. Өз күштеріне сенеді. Бір сүрінгеннен кейін қайта тұрып жүгіруге болатынын, бұлт астына жасырынған күннің қайта шығарын жақсы біледі.
Ақылды адам өздерін өзгелерден биік ұстамайды. Олар тәкәппарлықтан ада болады. Жанындағы адамнан ақылды екенін көрсеткісі келмейді. Оның орнына ақыл-кеңес ретінде айтуға ынтығып тұрады. Қолдан келген көмектерін аямайды. Өзгелерге көмектесу арқылы жаны рахаттанады.
Ақылды адамдар ізбасарларының өзінен де ақылды болғанын қалайды. Кез келген жанға кішіпейілділік танытып тұрады. Реті келгенде білгенін өзгелерге үйретуге құштар болып тұрады. Шәкірттері мен жақын жандарының ірі жетістіктерді бағындыруына барынша септігін тигізеді.
Ал бұл ерекшеліктер сіздің бойыңыздан табыла ма? Табылса, сіз де ақылды жандардың қатарынан болғаныңыз. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» демекші, таным көкжиектеріңізді кеңейтіп, келелі істер жасай беріңіздер.