Ақшаны банк картасынан қалай ұрлауы мүмкін?

Ақшаны банк картасынан қалай ұрлауы мүмкін?
Фото: Quattroruote

Адам көп жиналатын қоғамдық жерлерде қалтадан ақша ұрлап кеткенін естісек таңғалмаймыз. Алаяқтар ақшаны тек қалтадан емес, банк картасынан да ұрлай алады. 

1.Скимминг

Скимминг – кең тараған әдістің бірі. Алаяқтар банкомат кардридеріне есептегіш құрылғы (скиммер) және қосымша клавиатура енгізіп қояды. Оны білмейтін карта иесі батырманы басса, пин-коды алаяқтарға белгілі болады. Кейде барлық әрекетті түсіріп отыратын жасырын камера да қояды. Скиммер көмегімен картадағы магнитті қиықтан барлық мәліметті оқуға болады. Алаяқтар тобына ескі мәліметпен жаңа карта дайындай алатын шеберлер кіреді. Содан соң картадан ақша алады.

Кеңес: Банкомат қызметін қолданар алдында оның үстінде артық деталь және қосымшалар, орынсыз камера бар-жоғын тексеріп алыңыз. Мамандар, ақшаны банк бөлімшелерінде орналасқан банкоматтан алуға кеңес береді.  

2. Банкомат ұрлау және жалған банкомат орнату

Қылмыскерлер банкоматтан ақша алып қана қоймай, одан өткен барлық карта жайлы мәліметтерді де ұрлайды. Әрине, банкомат ұрлау жиі болатын іс емес, бірақ ондай жағдай да кездескен. Басқа мемлекеттерде жалған банкомат қою жиі кездеседі екен. Сыртқы түрі шынайыдан еш айырмашылығы болмайды. Көп жағдайда жалған банкоматтар бос болады. Сіз картаңызды салғанда, «операцияны орындау мүмкіндігі жоқ» деген хабарлама алып, ары қарай кете бересіз. Ал алаяқтар картаңыздың барлық мәліметін алып қалады.

3. Қызмет төлеу терминалдарына шабуыл

Адам көп жиналатын сауда орталықтарында немесе вокзалда орналастырылған терминалдар арқылы да карта мәліметтерін ұрлай алады. Оны зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы немесе қосымша құрылғы (банкоматқа қоятын секілді) арқылы алады. Алаяқтар ойлап тапқан код қорғау жүйесінің амалын тауып, барлық мәліметті айтып береді.

4. Мейрамхана мен кафеде картамен төлеу

Төлеу үшін сіздің картаны даяшы алып кетеді. Олар картаны (атыңыз, картаның қолданылу мерзімін, CVV-кодты) суретке түсіріп алады. Одан кейін ол мәліметті өздері қолданады немесе арнайы биржаларға сатып жібере алады.

Кеңес: Картаңызды басқа біреуге бермеңіз. Даяшыға карта салатын құрылғыны қасыңызға әкелуін өтініңіз немесе шығарда өзіңіз барып төлеңіз.

5. Таныс емес қосымшалар

Кей қосымшалар сіздің телефоныңыз, шотыңыз туралы және басқа да мәліметтерді жинай алады. Содан соң барлық мәліметті кредит рәсімдейтін алаяқтарға немесе арнайы ұйымдарға береді.

Кеңес: Таныс емес компанияның және ешқандай қолданушылық пікірі жоқ кез келген қосымшаны ұялы телефоныңызға жүктемеңіз.

6. Ашық Wi-Fi желісі

Ашық  Wi-Fi арқылы сіздің телефоныңызға кіру оңай.

Кеңес: Қоғамдық желіні (кафеде, метрода, қала көшесінде) қолдану кезінде ұқыпты болыңыз. Соның ішінде, ашық Wi-Fi арқылы телефоныңыздан интернет-банкке кірмеңіз. 

7. NFC

Banking card reader NFC атты ресми ұялы телефон қосымшасы бар. Ол NFC техникасы арқылы (бірнеше сантиметр қашықтықта жұмыс істейтін радиобайланыс) картадағы мәліметті есептеуге мүмкіндік береді. Осы қосымша қосылған смартфонды басқа адамның әмиянына жақындату арқылы CVV-кодтан басқа барлық мәліметті ала алады. Содан соң олар сол мәліметпен CVV-код сұрамайтын интернет дүкендерден сауда жасай алады. 

8. Жалған сайттар

Жалған банк және басқа да қаржылық ұйымдардың сайттары бар. Оларға деген сілтеме көп жағдайда электронды поштаңызға «Көп ақша! Ұтыс!» деген секілді хат түрінде келеді. Картаңызға ақша аударатынын айтады. Толығырақ банк сайтына өту арқылы оқи аласыз деп жазылады. Картаңыздың нөмірін, қолдану мерзімін және аты-жөніңізді теруді сұрайды.

Кеңес: Алаяқтардың хатын анықтау оңай:
– Олар сіздің аты-жөніңізді жазып жолдамайды;
– Хатта нақты мәлімет болмайды (карта немесе шот нөмірлері);
– Хатта міндетті түрде қосымша ақпарат берілген сілтеме болады. Оған өткен жағдайда қандай да бір банк сайтына ұқсас сайт шығады. Оның мекенжайы жазылатын жолында бірнеше артық таңба болады (мысалы, halykКbank), ал браузер қорғалмаған байланыс туралы хабарлама беріп жатады.

9. Вишинг

Бұл алаяқтардың банк картаңызға байланысты телефон соғуы. Мысалы: Сізге лотерея ұтып алғаныңызды айтып, соны аудару үшін карта мәліметін сұрайды. Кейде алаяқтар басқа да қулықтарға барады. Мысалы: Егер сіз интернетке қандай да бір затты сатуға шығарып қойсаңыз, сізге соны сатып алатынын және кешке алып кететінін айтып, ақшаны қазір аудару үшін карта мәліметін (CVV-кодты қоса) сұрайды.

А. Жапатова