Әке, арбаны бұрыңыз

Тау басындағы күркеде әкелі-балалы екеуі ғана тұратын. Олар өгіз арбамен отын тасып күнелтетін. Қария басынан ыстық-суықты көп өткізген жан еді. Арбаны баппен жүргізетін. Әрине, тау жолы қашан де кедір-бұдыр, бұрмасы мен ұңғылы көп еді. Мұндай жолдан арбаны жігіттің жігіті ғана айдай алатын. Қырағылығы әжептәуір бала әр тұмсықты айнала бергенде: «Әке, арбаны бұрыңыз» деп ескертіп отыратын, қанша дегенмен кәрі адам ғой.

Бірде жасы келген әке сырқаттанып, орнынан тұра алмай қалды. Жиналған отынды жас жігіттің өзі ғана жеткізуіне тура келді. Жас жігіт тау жолында арба айдаудың қандай қиын екенін сол кезде барып бір-ақ түсінді. Кедірі көп, бұрма тау жолында өгіз аяғын басар емес. Қанша сабаласа да, жүрмей тұрып алатын кездері көбейіп кетті. Жас жігіт қолынан келген айланың бәрін істеп көрді, өгіз мың салса да бір баспай қойды. Ол көп бас қатырды, әбден дағдарып, сілесі қатты. Ең соңында ол бір амал тапты. Айналасын байқап, тірі пенденің жоқ екеніне көз жеткен соң, өгіздің құлақ тұсына таяп келіп: «Әке, арбаны бұрыңыз!» деп дауыстап қойды. Міне, керемет! Өгіз желе жөнелді...

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nipic.com