Сөздік қордың мол болуының артықшылықтары көп. Сөздік қоры мол адам көпшіліктің арасынан ерекшеленеді, қажет кезде не айту керегін біледі және мұндай адам өзін сенімді ұстайды. Бір қарағанда бұл қарапайым іс секілді көрінеді: бар болғаны жаңа сөздер жаттау керек. Алайда керек кезде қажет сөзді ұмытып қаламыз немесе оны орынсыз пайдаланамыз. Ендеше, сөздік қорды дамытуға көмектесетін тиімді лайфхактарды ұсынамыз.
Жаңа таныстарға ашық болыңыз
Тіл — тірі ағза, оның дамуына көптеген факторлар әсер етеді. Солардың бірі — сіздің ортаңыз. Бір жұмыста көп уақыт өткізу арқылы сөздік қорыңызды дамыта алмайсыз. Жаңа компанияға немесе жаңа ортаға тап болған кезде сіз жаңа лексикаға сақтықпен қарайсыз, алайда уақыт өте оны қолданысқа енгізе бастайсыз. Жаңа сөз басында құлағыңызға біртүрлі естіледі, бірақ кейін ол әдеттегі сөздердің қатарына кіріп кетеді. Осылайша, сөздік қорыңыз дами береді.
Ұйықтар алдында өткен күнді сипаттаңыз
Сөздік қорды дамыту үшін ұйықтар алдында мынадай жаттығу жасаңыз: күніңізді 10 сөйлеммен ғана сипаттаңыз. Әр бірінші немесе соңғы сөйлемде сіз үшін үйреншіксіз бір сөз қолданыңыз. Бастапқыда сізге таныс сөз тіркестерін қолданасыз, бірақ кейін олар жеткілікіз болады. Сондықтан жаңа тіркестер іздей бастайсыз.
Сөздік карталар жасаңыз
Дайын сөздік карталар сатып алуыңызға немесе оны өзіңіз жасауыңызға болады. Әр картада нақты сөз бен оның мағынасы жазылады. Мұндай карталар өмірдің қандай да бір саласына арналған болуы мүмкін. Бұл карталарды лақтырмаңыз, кейін кез келген уақытта оларды алып шығып, меңгерген ақпаратты қайталай аласыз.
Сканвордтар мен сөзжұмбақтар шешіңіз
Сканвордтар мен сөзжұмбақтарды көбіне ата-әжелердің шешіп отыратынын байқаған боларсыз. Бұл жай әуесқойлық емес, мұндай сөзжұмбақтар мидың жұмыс істеуін ынталандырады. Бұл процесс кезінде сіз көптеген жаңа сөздерді білесіз.
Күннің бір сөзін таңдаңыз
Күніне бір рет бір жаңа сөзбен таныстыратын, оның мағынасы мен қай жерде қалай қолдану керегін түсіндіретін қосымшалар көп. Мұндай қосымша қолданғыңыз келмесе, өзіңіз күннің бір сөзін таңдаңыз. Сондай-ақ ол сөзді барлық мүмкін жаңғдайда қолдануға тырысыңыз. Әйтпесе, ол пассивті қорға айналады.