Әдемі сөйлегіңіз келсе...

Сөздің әрін келтіре, қиюын қиыстыра сөйлеу тек шығармашылық адамдарына тән деп ойлайтындар бар. «Мен темір-терсектің адамымын», «біз тек сандармен сөйлейміз», «көп сөйлей алмаймын» деген пікірді техникалық бағыттағы адамдардан жиі естиміз. Басқасын айтпағанда мерекелерде тілек айтуда, көпшілік алдында аяқ астынан сөз берілгенде, бұл сылтаулар «өтпейді». Екі сөздің басын құрай алмай тұрған ұят болады.

Күн сайын бір жаңа сөзбен танысыңыз

Жаңа сөзді есте сақтау үшін оның ережесін, түсіндірме ұғымын оқып танысып, сол сөзге қатысты суреттерді көріңіз. Әсіресе мамандыққа қатысты термин болса, жіті мән беріңіз. Әр маман өз саласына қатысты барлық терминнің мағынасын білуі керек. Орайы келсе, сөз арасына қосып отыруға болады.

Сөзіңізді эмоционалды түрде жеткізуге ден қойыңыз

Әр сөз сайын интонацияны өзгертіп, басты ойыңызды айтарда даусыңызды сәл көтерсеңіз, әдемі қимылмен сөйлесеңіз, еленбей қалмайды.

Шешен адамның рөліне кіріңіз

Адамдар көпшілік алдында сөйлеуден тартынады. Себебі өзіне сенімсіз әрі қорқынышын жеңе алмайды. Онымен күресу үшін айна алдында не шағын топ алдында жиі-жиі сөйлеп үйреніңіз. Жай ғана көпірген көп сөз емес, аз да болса саз айтып, ойыңызды көркем тілмен жеткізуге тырысыңыз.

Интонацияңызды жаттықтырыңыз

Қолыңызға мәтін не кітап алып, әртүрлі дауыспен – іскерлік, нәзік, аянышты, ойнақы ырғақпен оқып көріңіз. Бір сөйлем неше түрлі эмоция бере алатынына куә боласыз. Бұл шебер сөйлеу өнерін шыңдауда өте жақсы жаттығу.

Даусыңызды диктофонға жазып, сөзіңізді сараптаңыз

Адам өз даусын өзі естігенде танымай қалуы да мүмкін. Даусымыз өзімізге сырттай мүлде басқаша естіледі. Бастапқыда мүлде ұнамауы мүмкін, бірақ бірте-бірте қандай болса да өз даусыңызды жақсы көруге үйрену керек. Сонымен бірге кем-кетіктерін ескеріп, түзетіп отырасыз. Сөздердің дұрыс айтылуы, жағымсыз сөздер қолданбау секілді ұғымдарды да жадыңызда ұстаңыз. Танымал сөз шеберлерін тыңдап, тумасаңыз да, ұқсап бағыңыз.

Тіліңізді үздіксіз жаттықтырыңыз

Тілде кемістік болса да, кей әріптерді дұрыс айта алмайтын болсаңыз да, жаттығуды үзбеу арқылы бәрін түзетуге болады. Сіздің қолыңыздан бәрі келеді. Тек талпынысыңыз таусылмасын.