Бір топ адам биік тау, құзарлы шыңның тұсынан өтіп бара жатты. Ішінен бірі шыңның басын көрсетті. Ол нұсқаған бағытқа бәрі қарай қалысты. Олар тау түбіне жайғасып, бірнеше күн тынықты. Олардың не мақсатта бұл арада жүргенін білген маңындағы ауыл тұрғындары жинала бастады. Арқандарын сайлап, құралдарын реттеген топ кісі шыңға қарай өрмелей жөнелді. Жиналған қауым ду-ду күліп, оларды мазақтап: «Ойпырай, мыналар қайдан келген батырлар?! Бұл өте қиын, сендер шың басына мәңгі шыға алмайсыңдар!» деп бірінен кейін бірі оларға ақыл айта бастады. Шыңшылардың бірі жиналған топтың қасынан ұзамай жатып, артына, айтылған сөзге қарайлап, қалып қойды. Бір-екеуі жарты жолға жақындағанда жар түбіндегі мазаққа шыдамай, сол асылған күйлерінде қалып, аздан соң қайтудың қамын жасады. Тек екі кісі ештеңеге алаңдамай, қарайламай, ақырын жылжи берді. Шың басына арқан бойы қалғанда екеудің бірі аяғын құшақтап, жар түбіндегі халыққа қарайлап отырып қалды. Тек біреуі... Алға кете берді. Бұл маңдағы тұрғылықты халықтың ешқайсысы оның мүмкін еместігін айтып қанша айғайласа да, ол артына қараған жоқ. Ақыры шың басына шықты. Көкірегін салқын самалға тосқан ол етектегі жұртқа қарап, айғай салды. Дауысының жұртшылыққа жетер-жетпесін де межелеген жоқ. Қуанып тұр:
- Кешірім өтінем, менің құлғым естімейді.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: 51743.cn