Кейде қандай да бір сөз тіліңіздің ұшында тұрады, бірақ есіңізге түсіре алмайсыз. Бұл феномен летологика деп аталады.
Бұл термин «letho» («естен шығару») және «logos» («сөз») деген грек сөздерінен құралған. Сондай-ақ гректер «letho» деп өлген адам су ішетін өзенді айтатын болған. Бұл өзеннен су ішкен адам Жердегі өмірі жайлы ұмытады деп саналған. Осыған ұқсас құбылыс летологика кезінде де орын алады: сөйлеп тұрған адам аздап сиқырлы судың дәмін көргендей қажетті сөзді есіне түсіре алмайды. Ағылшын ғалымдар оны «tip-of-the-tongue» деп атайды: ол «тілімнің ұшында тұр» дегенді білдіреді. Осы термин жайлы айтқан алғашқы мамандардың бірі америкалық психолог Уильям Джеймс болды. Ол адамның өз танысының есімін немесе қажетті сөзді ұмытып қалатын жағдайын сипаттаған. Оны Зигмунд Фрейд пен Карл Юнг ары қарай зерттейді. Карл Юнг бұл құбылысқа «летологика» деген термин берді.
Кейін бұл феноменді Гарвард университетінің зерттеушілері Роджер Браун мен Дэвид Макнил, содан соң израильдік ғалымдар Ашер Кориат пен Израэль Либлих зерттеді. Олар адам сөзді ұмытқан кезде тек сол сөзге емес, ойға салуға көмектесетін барлық мүмкін сөздерге деген жолды жоғалтып алатынын анықтаған.
Летологика не үшін пайда болады?
Оның бірнеше себебі болуы мүмкін:
Сөздік қорының жоғалуы
Оны бір тілде де, екі тілде де жақсы сөйлейтін адамдардан кездестіруге болады. Адамның сөздік қоры көп карточкаға ұқсайды: әр сөзге (сөйлемге) бірегей түр, иіс, дыбыс қойылған. Адам нақты бір сөзді айтқанда оның миы сонымен байланысты барлық ақпаратты өңдейді. Яғни, сөйлемді айтудың өзіне көп ресурс кетеді. Кейде қандай да бір сөздер жайлы кей мәліметтер керексіздіктен өшіріліп қалады.
Алкоголь немесе есірткі қолдану
Кей психикалық белсенді заттар когнитивтік қабілеттерді уақытша төмендетеді. Сондай-ақ мұндай заттардың кесірінен адамның қабылдау жылдамдығы түсіп кетеді де, ол өз ойын ұзақ тұжырымдайды.
Күйзеліс
Күйзеліс те летологикаға әкеледі. Оның үстіне күйзелісте жүрген адам қандай да бір сөзді есіне түсіре алмаса, одан сайын дүрлігеді. Ол тілінің ұшында тұрған терминді тауып алатынына сенбей, өзін уақытты созып тұрған ақымақ сезінеді. Бұл қажетті сөзін не ойын айтуға кедергі келтіреді.
Деменция
Егер адам сөздерді, соның ішінде, жақында қолданғандарын да жиі ұмыта берсе, ол Альцгеймер ауруы немесе деменцияның басқа түрі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам сөйлесу кезінде ғана емес, ауызша санау, ақпаратты жаттау және жүрген жерлерін табу кезінде қиналады.
Летологиканың алдын алу
Егер сізде летологика 1-2 рет орын алса, уайымдауға себеп жоқ: оған барлық дерлік адам тап болады. Мұндай кезде ойларыңызды ретке келтіріп, тынышталуға тырысыңыз. Себебі адам көбіне мазасыз кезде сөздерді ұмытып қалады.
Летологиканың алдын алу үшін терминдерді қайталап, сөздік қорыңызды толықтырыңыз. Оған туған немесе шет тілді үйрететін қосымшалар, сондай-ақ түсіндірме сөздіктер көмектеседі. Оны күнде бір беттен оқып, әр сөздің мағынасын басыңызда сақтап алуға тырысыңыз.
Миға арналған гимнастика жайлы ұмытпаңыз: ол есте сақтау проблемасын болдырмайды. Аптасына бір рет болсын үйден жұмысқа жаңа жолмен барыңыз, жаңа және ерекше кітаптар оқыңыз, логикалық ойындар мен есептерге уақыт бөліңіз.