Тілімізде ономастикалық атаулар – кісі аттары өзінің тегі, құрамы жағынан әр алуан болып келеді. Олардың бірсыпырасы төлтума аттар болса, бірсыпырасы ауыс, кірме аттар. Біз Бидайбек, Қарабай, Қозы Көрпеш, Қыз Жібек, т.б. деген қолтума аттардың мағынасын анық білеміз. Бұлар бек, бидай, қара, бай, қозы, көрпеш, жібек қыз деген күнделікті тұтынуда бар жеке сөздердің бірігуі арқылы жасалған. Ал тұтас күйінде шеттен ауысқан не бір сыңары кірме болып келетін аттарды мағынасы жағынан дұрыс ажырата алмаймыз. Айталық, арабтан келген «Хайдар» деген аттың сол тілде қандай мағына беретінін екінің бірі біле қоймайды. Ал бұл арабта «арыстан» деген мағынаны беретін сөз.
Сол сияқты бізде өзге елге тән кейбір аттар сол күйінде емес, аударылып та алынған. Мысалы арабта «Асқар» деген ат «таңертең» деген мағына береді, ал бізде «Таңатар» деген ат осы «Асқардың» аудармасы.
«Қапаш» деген есім иесі «Шұлғаубай» деген ат иесіне оның атының нашарлығы үшін сөзсіз күледі. Бірақ ол атының араб тіліндегі мәнін білер болса, әрине, бұлай етпеген болар еді. «Капаш» араб тілінде «башмақшы», «етікші» деген сөз.
Әрине, кім де болса баласына қоятын аттың сыпайы болғанын тілейді, бірақ «Жиде», «Өрік» сияқты не «Түйме», «Тана», «Сырға» сияқты ежелден қалыптасқан дәстүрлі аттардан қашып, «Рахила» деп ат қойғанда, ол ата-ана бұл сөздің арабша мағынасы «жүк көтеретін хайуан», «көлік» екенін әсте білмейді.
Бұлардың бәрі балаға ат қоюда қойылмақ аттың мағынасы туралы дұрыстап ойластыру керектігін аңғартпақ. Біз төменде осыған орай бірсыпыра арабша есімдердің мағынасын аударып беріп отырмыз.
Абсамат – өзгермейтін, тұрақты, Ләйла – түн, кеш, Рабиға – көктем, Абсадық – әділ, шыншыл, Латифа – нәзік, Сабыр – шыдам, Асқар – таңертең, Марфуға – биік, Сәбит – берік, тұрақты, Әмина – адал, Мәрзия – көпке сүйкімді, ұнамды, Садық – шыншыл, Ғылман – жұмақ қызметкері, Махбуба — сүйкімді, сүйікті, Саттар – жасырушы, тасалаушы, Ғинаят – қамқорлық, ұқыптылық, Мақсұт – тілек, ұмытылмас үміт, Ғалымжан – білімді, Мәжі – бақытты, Салиқа – жақсы, Ділда – жүрек, көңіл, Мырза – мұрагер, Самат – өзгермейтін, мәңгі, Дана – тұқым, Назар – көз қыры, ескеру, ой жүгірту, Дариға – қайғы аяныш, Нағима – жұмсақ, нәзік, Тухфат – тарту, сыйлық, Дәрмен – амал, лаж, күш, Назира – еліктеу (өлең шығаруға), Зада – (патша) ұлы, Насиха – кеңесші, ақыл айту, Хафиза – жаттау, еске түсіру, Зиба – сәнді, көркем, Омар – терістеу, мойындамау, Зағифа – әлсіздік, күшсіздік, Озифа – лауазым, Хайдар – арыстан, Жамал – көрік, шырай, Охап – сыйлаған, Хафия – тыңшы, абайшы, Камал – көрік, шырай, Рахым – қайырымды, ізгі, Қадыр – күшті, икемді, Рахат – тыныштық, демалыс, Шайхы – қарт, Қамар – Ай, Рафхат – даңқ, дәреже, мансап, Шамси(я) – күн, Қарун (Арон) – сараң, Рахмет – алғыс, Шафқат – аяушылық, Шаһбаз – қаршыға, сұңқар.
Дереккөз: makala.kz