YouTube желісінде қаралымды көбейтетін тәсілдер

YouTube желісінде қаралымды көбейтетін тәсілдер
Фото: grambulk.com

"YouTube" бүгінгі таңда әлем бойынша ең ірі видеохост. Кез келген тақырыптағы, түрлі жанрдағы видеолар мен фильмдерді де "YouTube"-тан таба аласыз. Сонымен қатар видеохост арқылы табыс тауып отырғандар да жеткілікті. Дегенмен бұл үшін жазылушылар мен қаралым саны да көп болуы шарт. Назарыңызға "YouTube" арнадағы қаралым санын арттыруға көмектесетін кеңестерді ұсынамыз.

Тақырып және нақтылық

Тақырып – іздеу жүйесінде сізге көмектесетін бірінші фактор. Сіз де аудиторияңыздың тілінде сөйлеуіңіз керек. Тақырыпта креативтің аз болғаны дұрыс. Барынша нақты, бейнежазбада не көрсетілетінін қысқа ғана айтып өтіңіз. Сонымен қатар іздеу барысында қолданатын кілт сөздер тақырыпта кездесуі керек.

Қажетті сөздер мен тақырыптарды таба алмасаңыз, "Google Тrends" және "Яндекс. Wordstat" тегін құралдарын пайдаланып көріңіз.

Көп сөздің орнына суретті қолданыңыз

Видеоның "мұқабасы" ретінде көрерменге көп ақпарат беретін суретті пайдаланыңыз. Сонымен қатар мұндай суретке видеоның тақырыбын да қосуға болады.

Арнаның ұйымдастырылуы оқырманды одан әрі қызықтырады

Арнадағы бейнежазбаларды, ұсынған контентті тақырыптар мен ұқсастықтарына қарай плейлистерге бөлу қажет. Бұл, біріншіден, керекті видеоны жылдам табуға көмектессе, екіншіден, көрерменді сіздің арнаңызда ұстап қалады.

Плейлистер санында ешқандай шектеу жоқ. Кей арналарда олардың саны бестен басталып, 50-ге дейін жетеді. Мысалы, бәрі білетін "World of Tanks" ойынының ресми арнасында 39 плейлист бар. Бұл көрерменді одан әрі қызықтыра түседі.

Плейлистердің тақырыбы мен атауы видеоның индексациясына (іздеу жүйесінде) өз септігін тигізеді. Плейлистің сипаттамасы мен атын іздеу роботтары да қолданады. Яғни мұнда кілт сөздердің болғаны жөн.

PPP әдісі (Preview, Proof, Preview)

Маркетинг және СЕО саласының белгілі маманы Брайн Дин видеоблогерлерге "PPP" әдісін ұсынады. "Айт. Дәлелде. Көрсет" маманнның ойынша, видеоның бастапқы 15 секундын тамашалаған адам бейнежазбаны соңына дейін көреді.

Брайн Диннің айтуынша видеоның басы шағын шолу секілді болу керек. Бірінші 15 секундында видеоның не туралы екенін айтып, өзіңіздің осы саладағы нағыз сарапшы екеніңізді дәлелдеңіз. Көрерменді одан әрі қызықтыру үшін дайындаған контенттен үзінді көрсетіңіз.

Монтаждағы минимализм

Монтаж туралы әңгіме басталғанда түрлі ой туындайды. Бір жағынан монтаждың аз болуы көрерменді қызықтырмайтындай болып көрінеді. Ал тым көп қолданылған монтаж бейнежазбаның шырайын кетіреді. Сол себепті визуалды басымдықты нақты сандар мен деректер, атаулар мен есімдерге беріңіз. Ерекше монтаж эффектілерін қолданудың керегі жоқ. Тек өзгеше қаріп пен стильді пайдаланыңыз.

balbal.kz

Н. Үсенова