- Негізгі бет
- Жаднама
- Social Media: Өзіңізге...
Social Media: Өзіңізге деген сенімді жоғалтудың себебі не?
Егер сіз достарыңыздың әлеуметтік желісіндегі жазбасын тексере берсеңіз, басқа адамдардың өмірінде не болып жатқанын білгіңіз келе берсе, инстаграм лентасынан шыға алмасаңыз, әлеуметтік желілерді теріс пайдаланудың адам денсаулығына зияны туралы жаңа зерттеумен танысып көріңіз.
Ғалымдар әлеуметтік желілер, жалғыздық және депрессияның арасындағы байланысты байқаған. Пенсильвания Университетінің психологтары "Фейсбук", "Инстаграм", "Снэпчат" және т.б. танымал әлеуметтік желілер адамдарға бір-бірімен байланыста болуына көмектескенімен, көңіл күйді нашарлататындығын айтады. Қолданушылар өздерін жалғыз және жабыраңқы сезінеді екен.
Зерттеу кезінде қатысушылар шамамен 3 апта бойы әлеуметтік желідегі уақыт өткізуін айтарлықтай қысқартқан. Нәтижесінде, олар өздерін жабырқаңқы сезінбейтіндіктерін айтқан. Ғалымдардың айтуынша, қандай да бір маңызды нәрсені жіберіп алу қорқынышы адамдарды әлеуметтік желілерді тексере беруге мәжбүрлейді. Соның кесірінен көп уақытын желіде өткізеді. Олар телефон экранының алдында күніне 30 минуттан артық отырмауды ұсынады. Өзін-өзі шектейтін бұл қарапайым шара хал-жайдың жақсаруына көмектеседі екен.
Сіздің реакцияңыз – сіздің денсаулығыңыз
Толықтай әлеуметтік желілерден бас тартудың қажеті жоқ. Әлеуметтік желілерді нақты шектеумен қолдану арқылы одан пайдасын алуға болады. Ол үшін не істеу керек?
1. Арнайы қосымша қондырыңыз
Мысалы, Apple смартфондарында қолжетімді жаңарту бар, ол қолданушының кейбір қосымшаларды қолдануға шектеу қоюына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол көп уақыт алатын қосымшаны көрсетіп тұрады. Chrome интернет-дүкенінен жүктеп алуға болатын бағдарламалар (мысалы, StayFocusd) бар. Олар сайтта қандай да бір нақты уақыт өткізуге рұқсат беріп, содан соң бетті жауып тастайды. Одан кейін кері кіре алмайсыз.
2. Өзіндік тәртіп орнатыңыз
Кей адамдарға әлеуметтік желілерді қолдануға шектеу қойып, сол тәртіпті сақтану қиынға соғады. Жақын досыңызды, сүйіктіңізды немесе отбасы мүшесін кездесуге шақырып, жиі кездесіп тұрыңыз.
3. Уақытша хабарламаны өшіріңіз
Уақыт өткізетін барлық әлеуметтік желілер мен сайттардан келетін хабарламаларды өшіріп тастаңыз. Әйтпесе, сіз әр келген хабарламаны бірден тексеруге тырысасыз. Маңызды, мысалы, жұмысқа қатысты хабарламаны қалдырсаңыз болады.
4. Экранды қара-ақ етіп қойыңыз
Әлеуметтік желілер әлемінде, сонымен қатар сайттарда, жарнамаларда, телебағдарламаларда біздің зейінімізді аудартатын – ол түстер. Түстер қаншалықты ашық болса, бізді соншалықты тартады. Сондықтан, экранды сұр реңкті етіп қойыңыз. (Мысалы, iPhone смартфоны: «Настройки»>«Основные»>«Универсальный доступ»>«Адаптация дисплея»>«Светофильтры»> «Оттенки серого».)
5. Ұялы телефонды үйде қалдырыңыз
Барлығы байланыста жүретін бұл заманда ұялы телефонсыз жүру мүмкін емес. Алайда, серуенге шыққанда, достармен кездесуде және отбасылық демалыста ұялы телефонды үйге қалдырып кетуге болады. Сол кезде ұялы телефонды үнемі қолға ұстап жүрудің қажеті жоқ екеніне көзіңіз жетеді.
6. Болмысыңызды қабылдайтын адамдармен көп уақыт өткізуге тырысыңыз
Мінсіз адам жоқ. Барлық адамның артықшылығымен қатар кемшілігі болады. Ішімізден кемшілігімізді азайтқымыз келгенмен, сыртқа тек жетістіктерімізді көрсетуге тырысамыз. Егер әлеуметтік желіде өте көп уақыт өткізетін болсаңыз, өзіңізді бәрінен төмен сезіне бастайсыз. Себебі әлеуметтік желілерде адамдар тек көрсеткісі келгенді ғана жариялайды. Сондықтан әлеуметтік желіде көп уақыт өткізу адамның өзін-өзі бағалауын нашарлатады.
Көңіл күйді жақсартатын көптеген жақсы әдістер бар. Олардың ең қолжетімдісі – сіздің болмысыңызды қабылдайтын, сізді шын жүрегімен жақсы көретін адамдармен уақыт өткізу. Бірге күліңіз. Бірге тамақтаныңыз. Бірге киноға барыңыз. Бірге табиғатқа шығыңыз. Концертке барыңыз. Мұндай уақыт өткізуден соң әлеуметтік желідегі әңгімелер жабық, шектеулі зонадағы жасанды әрекет секілді көрінетін болады.
А. Жапатова