Massaget.kz зерттейді: Сөмкеңізде не бар?

Massaget.kz зерттейді: Сөмкеңізде не бар?
Фото: ©Ернар Алмабек

«What's in my bag?» (Менің сөмкемде не бар?) – интернеттің белсенді қолданушылары қызығып жасайтын әлемдік эксперимент. Өйткені адамның сөмкесіне, тұтынатын заттарына қарап мінезді тану – психологтардың сүйікті әдісі.  Сөмке – адам болмысының айнасы. Массагет порталы бүгін сөмке мен мінез төңірегінде шағын зерттеу жүргізіп көрді.

Қыз баланың сөмкесінде не жүруі керек?

Қыз баланың сөмкесінде не жоқ десеңізші?! Сөмкеден керек затын сағаттап іздейтін нәзік жандылар сан түрлі әзілге арқау болды. «Сөмкеде не жүруі керек?» деген сұраққа әркім әртүрлі жауап берсе де, пікірлер бір арнаға тоғысып жатады. Сонымен қыз баланың сөмкесінде жүруі тиіс заттар:

Бет сүртетін орамал немесе сулық. Қыз баланың киімін, заттарын таза ұстап жүргені дұрыс. Бұл орайда орамал – таптырмас көмекші.

Айна. Сыртқы келбетіне аса мән беретін қыздың сөмкесінде шағын айна міндетті түрде жүруі керек.

Косметика. Опа-далап пен бояну құралдарын көтеріп жүре алмайсыз. Сондықтан ең керекті бояну құралын ғана салып алыңыз. Қолға жағатын крем сөмкеңізден әрдайым табылуы тиіс.

Кітап. Адам өмір бойы оқиды. Бұл ғаламның бар білімін бір бойына жинақтаған пенде жоқ. Сондықтан қолыңыз қалт еткенде оқуға мүмкіндік болуы үшін сөмкеңізге кітап салып жүріңіз. Заманға сай электронды кітап (pocketbook) сатып алсаңыз болады. Электронды кітаптың бағасы кез келген адамның қалтасына көп салмақ түсірмейді.

Біз отандық газеттердің бірінде журналист болып қызмет атқаратын Шаттық Қалидің сөмкесін зерттеп көрдік.

«Менің сөмкемде көбінесе керексіз заттар жүретінін жасырмаймын. Сонда да үйге тастап кете бермеймін. Сөмкемде үнемі жүретін нәрсе – кітап. Көбіне қыз-келіншектерге арналған әдеби кітаптар оқығанды ұнатамын. Қазір "Әйел мәртебесі" кітабын оқып жүрмін.

Айфон, құлаққап. Айфон 5 S-ті қолданғаныма екі жылдың жүзі болды. Батареясы ғана шамалы, қазір жарты күнге жететін болып жүр. Басқа жағынан бәрі тамаша!

Флешка, диктофон – жұмысыма аса қажетті құралдар.

Avon еңлігі (румяна). Мұны тек айнасы үшін алып жүремін. Ал Oriflamе фирмасының екі далабын сөмкемнен тастамаймын, киген киіміме сай ернімді бояп отырамын. Max Faсtor кірпік сүрмесін әпкем сыйға тартқан, өзіме ұнайды.

Әмиян. Бұл әмиянды аса ұнатып сатып алдым, өйткені түсі ерекше сияқты.

Әшекей. Кез келген уақытта керек болып қалуы мүмкін».

Шаттықтың сөмкесі мен заттарына қарап, психолог Айжан Еділова мынадай пікір айтты: 

"Меніңше бұл – шығармашылыққа жақын адамның сөмкесі. Қалам мен ескертпе қағазына қарасам, өзіне жоғары талап қояды екен. Жеке заттарына аса мән беріп қарамаса да, өз жұмысын өте жақсы білетін жан".

Ер адамның сөмкесінде не жүруі тиіс?

Ер адам жаратылысынан ұсақ-түйекке көп мән бермейді. Байқасаңыздар, көп жігіт сөмке ұстағанды ұнатпайды. Тек әмияны мен телефонын ғана қолданатындықтан, сөмкені қажет етпей жатады. «Қыз сияқты сөмке ұстап жүргім келмейді» дейтіндер де бар, бұл – ұқыптылықтың белгісі емес, әр затыңыз әр қалтаңызда шашылып жүрсе, мазаңыз кетеді. Сондықтан шағын сөмкеден қашпаңыз. Ер адамның сөмкесінде жүруі тиіс заттар мыналар:

Сағат. Бұл бұйым өз-өзін құрметтейтін әрбір ер адамда болуы тиіс. Ол – әу бастан іскерлік пен мәдениеттің көрінісі.

Кілт. Көліктің, үйдің, жұмыстың кілті болсын – барлық кілтіңізді бір жерге жинақтап алып жүріңіз.

Ер адамның өз қызығушылығына сай, жұмысына қажет құралдары.

Осы орайда Массагет порталының бас редакторы Ербол Молдажановтың сөмкесін зерттедік.

«Көбіне рюкзакты таңдаймын. Өте ыңғайлы. Мәскеуде оқып жүргенде, Санкт-Петербург қаласына саяхаттауға шығарда сатып алғанмын. Сауда үйін аралаймын деп, пойызға кешігіп қала жаздағаным есімде.

Компьютерден қорғайтын AMOR көзілдірігі. Осыдан екі жыл бұрын экс-әріптесім Шерхан Талаппен бірге барып, бір-біреуден алғанбыз. Ол өзінікін жоғалттып алды-ау деймін.

Қара түсті блокнот. Жоспар құрып, ойымды түртуге пайдаланамын. 

Қалам мен қарындаш. Кез келген адамның сөмкесінде жүруі керек заттар деп ойлаймын. 

Классикалық үлгідегі қол сағат. ROMANSON компаниясының өнімі. 

Алғашқы көлігімнің кілті, флешка. 

Қалта телефоны iPhone 5S. Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын, Массагеттегі алғашқы жалақыма бұрыннан жинап жүрген қаражатымды қосып сатып алғанмын. 

iPad Air планшеті. 

Сейдахмет Құттықадамның ХХ ғасырдың ұлы саясаткерлеріне арнаған «Служение нации» («Ұлтқа қызмет ету») атты кітабы. Оқып шықсам да жанымнан тастамаймын. Не жұмыс үстелімде тұрады, не осы сөмкемде жүреді. Себебін, білгіңіз келсе, оқып көріңіз. 

Былғарыдан жасалған қазақы нақыштағы әмиян. 21-ге толғанда бір кісі (құпия) туған күніме сыйлаған. Сонысымен құнды».

Ерболдың сөмкесі мен заттарына қарап психолог Айжан Еділова мынадай пікір білдірді.

"Көшбасшы әрі іскер адамның сөмкесі. Сөмке иесі алдына көп мақсат қояды, арманына жетпей қоймайтын табанды адам. Талабы таудай, ізденімпаз. Кейде бәрінің ұқыпты болуын аса қадағалап, асыра сілтеп жіберетіні бар". 

Тақырыпқа тұздық. Британиялық интернет persona, ютубшы Zoella-ның «What's in my bag?» атты 2 миллионнан астам көрілім жинаған видеосын ұсынамыз. 

Ал сіздің сөмкеңізде не бар?

Р. Роза