Қазақстандағы ең ауқымды халықаралық қолөнер көрмесі Алматыда осымен төртінші рет өтуде. Қолдан жасалынған ойыншықтар, қуыршақтар, әшекей-бұйымдар мен ыдыстар көздің жауын алады.
Көрменің салтанатты ашылуы бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық мұражайында өтті. Мұражайдың үш қабаты да қолөнер туындыларына толы. Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Литва елдерінің шеберлерінің басын қосқан осы жиын кең ауқымда өтуде. Арасында елінде танымал, өнерін бизнес қылған дарынды қолөнерлер де, ісін қызығушылық ретінде ғана көретін кісілер де бар.
Оксана есімді мына жас шебер қолдан осындай керемет ойыншықтар жасайды. Матадан жасалатын қуыршықтарды таныстар арқылы және осындай көрмелерде сатамын дейді ол. Орта бағасы 4000 теңге. Оксананың айтуынша, бұндай қызығушылықтың арқасында әжептеуір ақша табуға болады.
Бұл да Оксананың туындысы.
Ал мына қуыршықтар кәдімгі капрон шұлықтарынан жасалынған екен. Бағасы 20-25 мың теңге.
Анастасия Куратова есімді имиджмейкердің қуыршықтары - қарапайым қыздар.
Настя қыздардың көйлектері мен макияжын өзі жасаған екен. Қағаздан тігілген көйлектердің қытырлағаны болмаса, тәп-тәуір киім.
Люба апайдың өзінің қонжықтарын ерекше сүйетіні көрініп-ақ тұр. Әр қонжықтың өз аты бар. "Мысалы мына қонжық - Эльвира" - дейді ол.
"Ал Сисилия - сыған қызы" - деп жалғастырады ол. Люба апайдың айтуынша, қонжықтардың тұрақты бағалары жоқ. Ол адамның көңіліне, қалтасына қарап бағаны айтады-мыс. Көздері жәудіреп тұрған кішкентай балақайларға қонжықтарды кейде тіпті тегін береді екен.
Роза апайдың мына қуыршақтары қазақтардың ұлттық киімін көрсетеді. Оның айтуынша 10-15 мың тұратын ойыншықтарды көбінесе туристер алады.
Қуыршықтардың арасында танымал кейіпкерлер де бар.
"Цирк" тақырыбындағы қуыршақ.
Венеция стиліндегі қуыршақтар.
Назкен есімді ару мына заманауи сөмкелерді өз қолымен тігеді. Арасында Angry birds, Instagram, Aplle және тағы да басқа заманауи логотипті сөмкелер көп. Бағалары 7 мың.
Халықаралық көрмеде келесі қолөнер туындыларын таба аласыздар:
Коллекциялық қуыршақтар; Авторлық жұмыстар; Тедди-қонжықтар; Шығармашылық пен қолөнерге қажетті тауарлар; Шығармашылық мектептер, студиялар мен шеберлікке үйрету орталықтары; Көркемөнер үйірме-жобалары, шеберлік кластар, тұсаукесерлер.Сауда-көрмеге кіру балалар үшін - 50 тг, ересектер үшін - 100 тг. 5-7 қазан күндері өтетін көрме 9.30-дан 18.00-ға дейін ашық.
Репортажды дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова