Facebook революциясы: не өзгереді?

Facebook революциясы: не өзгереді?
Фото: luissenlabs.com

Марк Цукерберг өзінің Facebook әлеуметтік желісінің жаңалықтар бөлімі өзгеретіні, жалпы бағыты да өзгеше болуы мүмкін екендігін қадап айтқан болатын. Жаңалық желіге шыққан күннен бастап IT саласындағы мамандар өз пікірлерін білдіре бастады. Бірі жақсы жағынан келсе, бірі ендігі сайттар мен көптеген компаниялардың жарнамасына қиын болатынын ескертті. 

Facebook-тің басты мақсаты – әлемнің төрт бұрышындағы адамдарды бір-бірімен байланыстыру. Ал соңғы екі жыл ішінде әлеуметтік желі онлайн маркетинг саласына бағытталып кеткенін айтқан әкімшілік енді бәрінің мақсатқа қарай бет бұратынын айтты. 

Нақты не өзгереді? 

Facebook әлеуметтік желісіне байланысты нақты өзгерістер ішкі «асханада» қалады. Тек сіздерге эксперттердің ұсынып отырған деректерін көрсетіп отырмыз: 

– Жеке тұлғалардың артықшылықтары. Ендігі жерде желі алгоритмі ең керемет деген посттарға емес, адамдардың бір-бірімен жеке сөйлесуіне, пікір қалдырудағы ерекшеліктерімен жұмыс жасайды. Әкімшілік басшысы Адам Моссери былай дейді: «Байқап отырғандарыңыздай, Facebook әлеуметтік желісіндегі адамдардың қарым-қатынасы азайып кеткен. Сондықтан бізде жаңалықтар бөлімінде БАҚ ұсынатын және түрлі компаниялардың жасаған контенттерін қысқартамыз». 

– Пікір, лайк басу және көрілім ерекшеліктері. Бұрын Facebook ең көп көрілім жинаған, бөліс жасаған, лайк жинаған ақпараттарға мән берген болса, ендігі жерде пікірде бір-бірімен байланыс жасау арқылы сөйлескен хабарларына күш салады. 

– Сан емес, сапа артықшылығы. Осы уақытқа дейін адамдар уақытының тең жартысын Facebook әлеуметтік желісінде өткізіп, пайдасыз және пайдалы ақпараттармен танысты. Алдағы өзгерісте олар енді тек қана пайдалы және отбасылық құндылықты алға тартатын ақпараттармен танысады. 


Марк Цукерберг бұл өзгерісті не үшін жасап отыр? 

1. Facebook желісін профессионалдар жаулап алды. Бұл жер адамдар үшін арналған болатын, бірақ профессионалдар желінің құрылымын өзгертіп жіберді. Жаңалықтар жаршысының жақсы контент бергені сонша – ең білікті деген адамдар осында келіп, өздерінің жұмысын жасай бастады. 

2. Пайда табушылар. Ең білікті деген адамдар ақыры бұл жерді пайдасына асыратын орта жасады. Адамдармен сөйлесе отырып, оларды өздерінің субъективті емес, объективті «жемтігіне» айналдырды. 

3. Саяси қақтығыстар. Ұлттар арасында, халық арасында түрлі дау туып, адамдардың арасында саяси теріс түсінік пайда бола бастады. Біздің әкімшілікке келіп түсетін шағымның саны артып, Facebook әлеуметтік желісі нағыз саясаттың сойылын соғатын ортаға ауып кетті. Ал Марктың қалағаны бұл емес еді. 

Марк Цукерберг New York Times-ке берген сұқбатында: «Менің Макс және Август атты балаларым өскен кезде әкелерінің қоғам үшін жақсы дүние жасағанын айтқанын қалаймын», – дейді. 


Кім шелек жалап қалады? 

1. БАҚ-тың жағдайы қиын... 

Медиа саласында жүргендер үшін Facebook тосын «сый» дайындап отыр. Айта кету керек, Facebook осыған дейін БАҚ ақпараттарын тоқтатып көрген. Мәселен, Сербия, Словакия, Шри-Ланка, Камбоджа, Боливия елдерінің медиа саласындағы мамандар бұл «ақырзаманды» бастарынан кешті. 

Мамандардың айтуынша, Facebook қоғамдық-саяси тақырыптағы БАҚ контенттерінен белгілі бір сомада ақша талап етуі мүмкін (жарнама трафигіне төлеген секілді). Бірақ басты мәселе бұл емес, олар мұны да қанағат тұтпауы мүмкін. Керісінше, лентадағы ақпараттардың санын азайтып тастайды. 

2. Жарнама мен маркетинг

Ең бірінші шелек жалап қалатындардың көшбасында тұрған да осы – жарнама мен маркетинг. Facebook қазірден бастап осы мәселелер бойынша қызу жұмыс жасап, технологиясын өзгертуге тырысып жатыр. Естеріңізде болса, Facebook алгоритм өзгертіп, жарнама жасайтын компаниялардың жағдайы қиындайтынын айтқан кезде, Марк мырза 3 млрд долларынан айрылып қалды. Бірақ бұл әлемдегі байлардың қатарында жүрген ол үшін ештеңе емес секілді. Себебі айтқан бетінен қайтпайтын басшының Facebook әлеуметтік желісін өз мақсатына пайдаланатындардың аяғына «тұсау» салмақ. 

3. «Жаға ұстатты» енді жаға ұстатпайды және блогерлер де жаза бермейді 

Адам Моссеридің айтуынша, Facebook әлеуметтік желісінің өзгерісінен кейін қол жеткізу (охват), трафик және көрілім уақыттары шектеледі. Бұл шектеуге негізінен Facebook желісіндегі түрлі топтар мен белгілі блогерлердің контенттері де кіреді. 

Түйін. Марк Цукербергтің Facebook әлеуметтік желісіндегі алгоритімді өзгерту туралы хабарламасы өзін шығынға әкеліп қана қойған жоқ, пайдаланушылардың үрейін де тудырды. Атыс пен шабыстан, мән-мағынасы жоқ, халықтың санасын түрлі контентпен улап жатқандардың саусақтарына «тұсау», видео контенттеріне бұғат болады. Суреттердің өзі бұрынғыдай сөйлемеуі мүмкін. Бір сөзбен айтқан кезде, бұл – Facebook жасағалы отырған революция. 

М. Ақан