Азаматтық авиациядағы ең маңызды қызметкердің бірі – бортсерік. Жолаушылардың ұшақтағы қауіпсіздігі, жайлы жетуі бортсеріктердің еңбегіне байланысты. Бұл мамандық иелеріне қандай талап қойылады және қалай іріктеледі? Осы және өзге сұрақтарға Air Astana әуе компаниясының мамандары жауап берді.
Бортсерік болғысы келетіндерге қандай талаптар қойылады?
Компания кандидаттарды HEART құндылықтар жүйесі бойынша іріктейді: Hospitable (Қонақжайлық), Efficient (Тиімділік), Active (Белсенділік), Reliable (Сенімділік) және Trustworthy (Сенім).
Сонымен бірге болашақ бортсерікке мынадай талаптар қойылады:
• Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуі керек;
• Қытай және түрік тілдерін білгені қошталады;
• Қызмет көрсету саласында тәжірибесі болғаны жөн;
• Тартымды сыртқы келбет;
• Ерлердің бойы кем дегенде 170 см, әйелдердікі кем дегенде 165 см болуы шарт;
• Жас жігіттер үшін әскери есепке алу құжатының болуы қажет;
• Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек.
Фото: Елена Сергиенко
Талапқа сай кандидаттар қалай іріктеледі?
Түйіндеме бойынша іріктелгендермен видеосұхбат жасалады. Мұнда үш тілде сөйлей отырып сұрақтарға жауап беруі керек. Одан кейін ашық есік күні ұйымдастырылып, кандидаттардың түрлі қасиеті, қабілеті тексеріледі, медициналық тексерістен өтеді. Іріктеуден өтпей қалған кандидаттар 6 айдан кейін қайта тапсыра алады.
Болашақ бортсеріктер қалай дайындалады?
Іріктелген кандидаттар алдымен "Эйр Астананың" Авиациялық оқу орталығында бастапқы білім алып, кейін Франкфурттағы Condor орталығында практикалық дайындықтан өтеді. Практикалық сабақтар кезінде бортсеріктер шынайы өртті сөндіруді үйреніп, бассейнде суға батқандарды құтқаруға дағдыланады.
Оқу аяқталғанда бортсеріктер Қазақстандағы ішкі рейстерде жұмыс істей бастайды, сосын халықаралық рейстерде қызмет ете алады.
Бортсеріктер жұмысқа қабылданбас бұрын медициналық, психологиялық, сервистік, қауіпсіздік курстарынан өтеді. Сол себепті әр бортсерік нұсқаулық бойынша жұмыс істеп, жылдам қимылдап, сыни жағдайда сабыр сақтап, түрлі ситуацияға дайын болуы шарт.
Бұған қоса COVID-19 пандемиясына байланысты бортсеріктердің міндеттемесі арта түсті. Мұнда олар қорғаныс құралдарымен жүріп, арнайы нұсқаулық бойынша жұмыс істейді.
Бортсеріктер рейске қаншалықты жиі шығады?
Ұшақпен жиі ұшу денсаулыққа зиян. Сондықтан компанияда жұмыс істейтін 1386 бортсеріктің денсаулығы қадағаланып, олардың рейс саны бақыланып отырады. Мысалы компания бортсеріктеріне айына 100 сағаттан көп, ал жылына 900 сағаттан көп ұшуға болмайды. Сонымен бірге рейске дейін 12 cағат демалуы керек.
Air Astana бортсеріктеріне қандай жеңілдіктер жасалады?
Бортсеріктер медициналық сақтандырумен қамтамасыз етілген. 500 сағат ұшқаннан кейін бұл қызметтің зияндығына байланысты міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы бойынша зейнетақы қорына қосымша 5% аударылады.
Бортсеріктерге әуе билетіне 90% жеңілдік жасалады, фитнес-орталықтарға да жеңілдіктері бар.
Фото: Елена Сергиенко
Компанияда бортсерік болып қызмет етіп кейін мансабы көтерілген немесе ауысқан мамандар бар ма?
Компанияда ондай мысалдар жеткілікті. Бастысы өз ісін жетік біліп, кәсіпқой қызметкер болуы шарт. Компания мансаптың өсуіне бар жағдайды жасайды. Мысалы қазір бортсерік позициясынан бастаған 4 директор, 1 вице-президент бар.
Компанияның жаңа вакансиялары қайда жарияланады?
Пандемияға байланысты вакансиялар азайды. Дегенмен оған дейін оқыту жоспары бойынша тұрақты қабылданып, Алматы мен Нұр-Сұлтанда жаппай рекрутинг өткізіліп келді. Компанияның жаңа вакансиялары job.airastana.com сайтында жарияланып тұрады.
Серіктестік материал