Халықаралық әйелдер мерекесі жақындап қалды, ал ол сыйлықтар туралы ойланатын уақыт келді деген сөз. Кез келген әйелге сыйлық алған ұнайды. Ол ұсақ-түйек болса да, нәзік жандылар сіздің ниетіңіз бен ықыласыңызды жоғары бағалайды. Сондықтан егер жақыныңызды, құрбыңызды немесе әріптесіңізді әдемі әрі пайдалы сыйлықпен қуантқыңыз келсе, оны алдын ала ойластырған жөн. Назарларыңызға кез келген жастағы әйелге сыйлауға болатын әмбебап әрі қолжетімді бағадағы сыйлықтар тізімін ұсынамыз.
1. Бьюти-бокс
Қыздардың арасында косметиканы немесе күтім құралдарын жақсы көрмейтіндер жоқ. Сондықтан бьюти-бокс алуға болады. Оның дайын түрін алуға немесе өзіңіз жасауға болады. Қолдан жасау үшін алдымен түрлі түсті қағазды жіңішке ұзын жолақтар етіп қиыңыз. Оларды әдемі қорапшаның түбіне төсеңіз. Ал оның бетіне қолға жағатын крем, ерінге арналған бальзам немесе далап және бетке арналған мата маска салыңыз. Бұл бьюти-бокстың тек бір мысалы. Қораптың ішіне тілек жазылған хат пен тәттілер салып жіберуге де болады.
2. Термосаптыаяқ
Бұл сәнді әрі стильді аксессуарды өзімен бірге серуенге, саябаққа немесе жұмысқа алып жүруге болады. Қалауыңызға қарай, термосаптыаяқты әдемі қорапқа салып, оның қасына шай, кофе және тәттілер салуға болады.
3. Шоппер немесе эко-сөмке
Кез келген жастағы әйелдің көңілінен шығатын сыйлықтың бірі – эко-сөмке. Ол – ыңғайлы әрі әмбебап сөмке. Оның үстіне мұндай сөмкені жинап, кез келген сөмкеге және қалтаға салып алуға болады. Кейін дүкенге барғанда қалтаңыздан шығара қоясыз. Оны күнделікті азық-түлік тасуға және көкке шығуға пайдаланған ыңғайлы. Сондай-ақ сәнді шопперді серуендеуге де ұстап жүруге болады. Олар көбіне минимализм стилінде жасалады.
4. Жамылғы немесе пижама
Жамылғы немесе пижама – жақындарыңызға арналған жақсы сыйлық. Бұл заттар ешқашан артық болмайды және үйде де, демалыста да қажет болады. Оның үстіне бұл заттар жылулық, жайлылық сөздерімен үйлесім табатындықтан, оларды сыйлыққа алған адам жағымды көңіл күймен қабылдары анық.
5. Клатч
Клатч – қолжетімді бағаға табуға болатын пайдалы сыйлықтың бірі. Оны әйелдер көбіне кешкі кездесулерге немесе тойларға ұстап барады. Сондықтан гардеробта тағы бір ерекше аксессуардың болуы артықтық етпейді.
6. Сүлгілер жинағы
Үй ханшайымдары бұл сыйлықты бағалауы тиіс. Себебі ол – тұрмыста міндетті түрде қажет болатын және пайдаланылатын сыйлық.
7. Кітап немесе кеңсе тауарлары
Сыйлық берушінің қызығушылығына қарай кітап таңдауға болады. Сондай-ақ блокнот, қойын дәптер, күнделік, қаламдар жинағы және басқа да кеңсе тауарларын сыйлық қорабына салып ұсынуға болады.
8. Жемістен немесе тәттіден жасалған гүлшоғы
Қазір жемістерден, кепкен жемістерден және тәттілерден жасалған гүлшоғырларды көп кездестіруге болады. Бұл гүлді сыйлыққа алғанды ұнатпайтын нәзік жандыларға арналған керемет сыйлық. Оның дайын түрлері бар. Бірақ оны қолдан өзіңіз жасау қиын емес. Ол үшін ұзын ағаш таяқшалар, скотч, гүлшоғырын орайтын әдемі қағаз бен жемістер (немесе тәттілер) қажет. Оны дайындауды көрсететін видеолар көп. Бір қарап шықсаңыз, сіздің де қолыңыздан келетіні сөзсіз.
9. Әшекей
Әмбебап сыйлықтың бірі – әшекей. Ол алқа, сақина, сырға, ободок, әдемі қыстырғыштар болуы мүмкін. Сыйлықты алдын ала қарасаңыз, әшекейге жаздыруға немесе ол үшін маңызды символды салдыруға болады.
10. Сертификат
Сыйлығыңыз ұнамай қалады деп ойласаңыз немесе өзіне шынымен де қажетті зат алғанын қаласаңыз, сертификат беруге болады. Қазір сертификатты барлық дүкендер ұсынады. Ол киім, техника, косметика дүкендерінен болуы мүмкін. Сондай-ақ қандай да бір мастер-кластарға сертификат алуға болады.