Балалармен сырғанауға барғанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек?

Қыс - жылдың керемет мезгілдерінің бірі. Бұл мезгілді, әсіресе, балалар қатты жақсы көреді. Себебі олардың сүйікті істерінің бірі - шанамен сырғанау. Оған қоса, қазір сырғанауға арналған түрлі тюбингтер мен  пластмасса шаналар бар. Алайда төбешіктен сырғанау қауіпті екенін де ескеру керек. Балалармен сырғанауға бармас бұрын қандай қауіпсіздік ережелерін білген жөн?

Сырғанайтын жерде адам өте көп болса, басқа жер қарап көріңіз немесе кейінге қалдырыңыз. Егер төбешік күмәнді болып көрінсе, бірінші баласыз өзіңіз сырғанап көріңіз. Содан кейін ғана баланы жіберіңіз. Баланы ата-ананың бірі жоғарыдан жіберіп, екіншісі астынан күтіп алып тұрғаны жөн. Себебі бала төменге сырғанап түскеннен кейін жолды жылдам босатуы керек, әйтпесе, келесі сырғанап келе жатқан баламен соғысып, жарақат алуы әбден мүмкін.

Құрметті ата-ана, баланы бірнеше маңызды ережені сақтауға үйретіңіз және өзіңіз де қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз:

1. Алдында сырғанап бара жатқан адам жолды босатпайынша, сырғанамау;
2. Сырғанап болған соң бірден жолды босату;
3. Сырғанайтын жолдан жүгіріп өтпеу. Ол жүгіріп өтіп үлгеремін деп ойлауы мүмкін. Бірақ оның аяғы тайып, құлап қалып, сырғанап келе жатқан балаға соғысуы да әбден мүмкін;
4. Сырғанайтын төбешікке арнайы шығатын жерден немесе баспалдақпен қана шығу. Басқалар сырғанап жатқан жолмен оларға қарсы көтерілуге болмайды;
5. Жарақат алмас үшін тұрып немесе тізерлеп отырып, сондай-ақ ішпен жатып сырғанауға болмайды.

Тюбингпен сырғанау

Тюбингпен сырғанау - қауіпті демалыс түрлерінің бірі. Себебі тюбингтер үлкен жылдамдық ала алады және сырғанау кезінде өз осі бойынша айналып кетеді. Тюбингтерді бақылау мүмкін емес және олардың тежеуіші жоқ.

Тюбингпен сырғанау кезіндегі қауіпсіздік ережелері:

1. Арнайы жолда ғана сырғанау;
2. Сырғанауға арналған бөктердің еңісі 20 градустан аспауы керек. Төменде тоқтауға жеткілікті орын болуы тиіс. Ағаштар өсіп кеткен бөктерден сырғанауға болмайды;
3. Трамплиндерден сырғанауға болмайды;
4. Қашықтықты қатаң сақтау;
5. Тюбингке бірнеше адамды қатар отырғызбау;
6. Тюбингтерді бір-бірлеріне жалғап бірнешеуімен бірден сырғанауға болмайды.

Тюбингпен сырғанау кезінде адам жиі қандай жарақаттар алады?

Адам бағдарын жоғалтқан кезде оның координациясы бұзылады және буындарда жоғары амплитудалық қозғалыстар пайда болады. Соның себебінен қол және мойын зақым алуы, сондай-ақ омыртқа сынуы мүмкін. Сонымен қатар, ми зақымын алатындар да жиі кездеседі.

Ескерте кетейік, Алматыда сырғанақ тебуге барған 4 бала ауыр жарақат алды. Ведомство мәліметінше, балалардың жас шамалары 6-16 аралығында. Төбешіктен жоғары жылдамдықпен сырғанап келе жатқан алты жасар бала басқа баламен соғылып қалған.

Сырғанауға барғанда балаларды қараусыз қалдырмаңыз! Сырғанаудың қиын емес ережелерін сақтаңыз. Осылайша, өзіңізді және айналаңыздағыларды мүмкін зақымдардан қауіпсіздендіре аласыз.