Жасыл дәріні қалай кетіреміз?

Жасыл дәріні қалай кетіреміз?
Фото: Image et réputation

Жасыл бриллиант ерітіндісі деп аталатын дәрі кез келген үйдің дәрі қорабында болуы тиіс. Себебі ол кез келген жараны, тілікті және желшешек бөртпесін өңдеуге қажет болады. Жасыл дәрінің антисептикалық, бактерицидті, жараны емдейтін және қызаруды басатын қасиеттері бар. Оның бір кемшілігі – теріге немесе киімге тисе, түсі кетіп болмайды. Жасыл дәріні теріден жылдамырақ кетіруге көмектесетін кеңестер ұсынамыз.

Теріні спиртке немесе құрамында спирті бар ерітіндіге (арақ, әтір, тұнба) батырылған мақтамен сүртіңіз. Спиртке бірнеше тамшы лимон суын тамызсаңыз, дақты кетіру қасиеті жақсырақ болады.

Баланың нәзік әрі сезімтал терісін жасыл дәріден тазарту үшін сутек тотығына суланған майлықты пайдаланыңыз. Ол спиртке қарағанда қауіпсіздеу болып келеді.

Желшешек ауруынан соң терідегі жасыл дәріні кетірудің ең жақсы әдісі – өте майлы, соның ішінде балалар кремін пайдалану. Кремнен теріге ешқандай аллергия немесе қызарулар шықпайды және оны сабынды ерітіндімен жуып тастай аласыз. Кремді арасына уақыт салып, қайта қайта жаға беріңіз. Әр жағар алдында сабынмен теріні жуып тұрыңыз.

Егер аллергияңыз болса, скраб, тоник немесе макияж сүртуге арналған құрал қолданыңыз. Мұндай құралдармен дақты күніне бірнеше рет сүрте беріңіз. Дақ бірден кетпегенмен, уақыт өте ағара бастайды. 

А. Жапатова