Адам өз өмірінің 22 жылын ұйқымен өткізеді екен... Сіз бір күннің ішінде көбірек жұмыс бітіргіңіз келе ме? Тәулігіне 5 сағат қана ұйқтасаңыз да күні бойы өзіңізді сергек сезінуге болады екен. Оған төменде ұсынылған әдістер көмектеседі.
Ұйықтар алдында тамақтың көлемін азайту. Сіз ұйықтайтын кезде ағзаңыздың да демалуы қажет екенін ұмытпаңыз. Ал cіз жатар алдында тамақтанып алсаңыз, оған бөгет жасайсыз. Кешкі асты дәл ұйықтар алдында емес, оған кем дегенде 2-3 сағат қалғанда қабылдаңыз және мейлінше жеңіл тамақтануға тырысыңыз. Айта кететін маңызды жайт, кешкі уақытта кофе, шәй, кола және алкогольды сусындарды ішпеуге тырысыңыз, себебі олар cіздің ағзаңызды сергітеді. Олардың орнына жылы сүт, шөп шәй немесе су ішкеніңіз дұрыс. Егер темекі тартатын болсаңыз никотиннің көлемін де азайтуға тырысыңыз.
Дене шынықтыру. Кешкі астан кейін таза ауаға шығып, қыдырғаныңыз дұрыс. Егер жақын жерде саябақ болса жаяу, серуендеп барсаңыз болады. Егер велосипедіңіз бар болса, біраз шақырым жерді шарлап қайтсаңыз, ағзаңызға өте пайдалы болары сөзсіз.
Ұйқыға даярланыңыз. Серуеннен қайтқан соң ыстық душ қабылдаңыз, ол сіздің бұлшық еттеріңізді босаңсытады. Теледидар қарамаңыз, компьютер алдында отырмаңыз. Баяу, жағымды әуен тыңдап, кітап оқу терең ұйқыға батырады. Жататын бөлмеңіздің терезесін ашып, таза ауа кіргізіп, салқындатып алыңыз.
Оятқышты қосу. Жоғарыда айтылған әрекеттерді жасағаннан кейін, 12 сағат бойы ұйықтап жатуыңыз ғажап емес. Сондықтан оятқышты белгілі бір уақытқа қойғаныңыз дұрыс. Алғашқы кезде 6-6,5 сағат ұйықтап, тұруға жаттығыңыз, уақыт өте келе 5 сағатқа дейін қысқартуға болады.
Бастапқы кезде ұйқыңыз қанбай жүреді, бірнеше ай өткен соң дағдыланасыз. Егер бес-ақ сағат ұйықтадым деп ренжитін болсаңыз, онда үйрене де алмайсыз, көңіл-күйіңіз болмай, тіпті ауырып қалуыңыз да ғажап емес. Алайда ұйқының пайдасын ұмытпаңыз, ұйқы кезінде ұлпалардың қалпына келу процесі 60%-ға тезірек жүреді. Сондықтан терең ұйқының денсаулығыңызға мол пайдасы бар.
Күнде бір уақытта тұрып, бір уақытта ұйықтау қажет. Егер сіз жұмысқа таңғы 7-де тұратын болсаңыз, демалыс күндері де сол уақытта тұрғаныңыз абзал. Ең көп дегенде, бір сағат артық ұйықтауыңызға болады. Себебі, сіздің ағзаңыз белгілі бір уақытта ұйықтауға және оянуға дағдыланады. Тұрғаннан соң сергіту жаттығуларын жасауды әдетке айналдырғаныңыз жөн.