- Негізгі бет
- Жаднама
- 25 жастағы миллионер:...
25 жастағы миллионер: "Жетістік — мыңдаған талпыныс нәтижесі"
Аяз Шабутдинов (21 қазан 1991 жыл, Ижевск) – кәсіпкер, Like холдингінің негізін қалаушы, блогшы. Forbes журналының «Жас миллиардер мектебі» жобасының жартылай финалына қатысушы және жас кәсіпкерлер арасында Халықаралық EQ GSEA марапатының иегері.
Аяз Удмурт Мемлекеттік Университетін «Мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Кәсіпкерлікпен алғаш рет 14 жасында айналыса бастаған. Туған ауылында ұтыс ойындарын ұйымдастырумен айналысқан. Кейін тапсырыс бойынша өлең жазатын интернет-жоба ашқан.
2008 жылдан бастап event-өндіріспен шұғылданады, яғни, түрлі шара ұйымдастырып, сол кештердің тізгінін өзі ұстайды.
2012 жылы өзі дүниеге келген Куеда ауылындағы лимонад шығаратын шағын зауыттың директоры қызметін атқару барысында ол дағдарыс жағдайынан шығып, тұрақты кіріс түсетіндей деңгейге жеткен.
Болашақ миллионер Аяз Шабутдинов 2013 жылы ВКонтакте желісіндегі «Мақсат: бір жыл ішінде 2 миллион рубль» аталатын блогы арқылы танымал бола бастады. Мақсатына жеткеннен кейін, яғни, 2014 жылы қаржыны 30 млн рубльге жеткізуді көздейді.
Ол осы мақсатқа жету жолын өз блогына күнделікті жазып отырған. Осылайша, ол діттеген ойын көпшілік көзінше жүзеге асырды. 2015 жылдың басында мақсат 1 млрд рубльге көбейді.
Like холдингі
Аяз 2013 жылы Like Hostel аталатын хостелдер желісін құрды. Ол екі жылға жетпейтін уақыт ішінде Ресейдегі ең ірі компанияға айналды. 2014 жылы Аяз Шабутдинов Like бренді шеңберінде Ресей, Украина, Қазақстан және Беларусь елдерінде қосымша жобалар жүзеге асырды.
2015 жылдың наурызындағы деректер бойынша холдинг 20 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Олардың қатарында кофейнялар, сыйлық дүкендері, турагенттіктер, авто мектептер, фотоөнер мектептері, кулинарлық студиялар, мейрамханалар, жас кәсіпкерлерге арналған білім беру жобалары және т.б. бар.
Кәсіпкерлікке ерте араласқанына байланысты БАҚ өкілдері Аязды «ресейлік Ричард Брэнсон» деп атайды. Жас кәсіпкердің ең үлкен мақсаты «әлемдегі ең ірі жастарды дамыту холдингін құру».
А. Оралқызы