Қазақстанда ең жиі қойылатын есімдер қандай? Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйене отырып, 2022 жылы ұлдарға және қыздарға берілген ең танымал есімдерді ұсынамыз. Сондай-ақ бұл есімдердің мағынасын ашуға тырысамыз.
Топ-10: Ұлдарға арналған танымал есімдер
Алихан (Әлихан) – араб тілінен енген "ғали" мен хан сөздерінің қосындысынан туған ат. Ғали - "әлидің" синонимі, яғни, биік, аса, зор, заңғар деген мағына береді.
Алдияр - араб-иран. аллайар - Алланың досы; тақсыр, ұлы мәртебелі.
Айсұлтан - "ай" мен "сұлтан" сөздерінен жасалған есім, сәби айдай болсын, өз ортасында сұлтандай қадірлі болсын деген ниетпен қойылады. Сұлтан араб тілінен - "билеуші, әкім".
Әмір - араб тілінен - бастық, әкім, билеуші. Біріккен тұлғалы есімдер: Әмірбай, Әмірбек, Әміржан, Әміртай, Әмірәлі.
Омар - өмір, өмір сүруші. Екінші халиф, көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген сахабаның есімі.
Али - араб тілінен ғали - биік, аса, зор, заңғар. Біріккен тұлғалы есімдер - Әлиасқар, Әлиакпар, Әлиахмет. Синонимдері: Ғали, Қали, Әлі, Алы.
Алан деп жолбарыстың күшігін атайды. Бұл сөздің араб, көне славян тілдерінде де бірнеше нұсқасы бар. Ел ішінде дүние есігін жаңа ашқан сәби қайратты, жолбарыс жүректі болсын деп осы есімді береді.
Нұрислам - "нұр" мен "ислам" сөздерінен құралған. Араб тілінде нұр - жарық, сәуле, ал "ислам" дініміз болғандықтан, Алланың нұры жаусын деген ниетпен қойған.
Арсен - Арсений – көне грек тілінен "арсениос" - батыл, ержүрек деген мағына береді.
Алинұр - "әли" мен "нұр" сөздерінен жасалған есім. Әли, араб тілінен – аса, зор, заңғар; Нұр – жарық, сәуле.
Топ-10: Қыздарға арналған танымал есімдер
Медина (Мәдина) - "қала", Мадинат ән-Нәбий ("Пайғамбар қаласы") деген тіркестен алынған. Мұсылмандардың қасиетті қаласы.
Айлин - "ай нұры" деген мағына береді.
Айша - араб тілінен гайшә – көне евр. айше – ұзақ өмір сүруші, өмірге құштар. Түрлері – Ғайша, Қайша.
Асылым - асыл – "текті, бекзат". Түп-төркіні осы сөзден шықса керек.
Томирис - бұл есім "темірді үзу" дегенді білдіреді. Басқа дереккөздерде "Томирис" ежелгі ирандық "Томруз" есімінен алынған және "үй ішінікі" деп аударылады.
Раяна - араб тілінен - 1) толық, тегіс, түзу; 2) дамыған, кемелденген, жетілген. Тағы бір мағынасы – жұмаққа кіретін қақпа.
Аяла - мәпелеп өсіру, әлпештеу.
Айзере - қаз. ай+зере, иран тілінен "зер" - алтын. Алтынай есімінің синонимі.
Амина - араб тілінен - 1) адал, сенімді; 2) зиянсыз, сәтті, игілікті.
Сафия - грек. - ақылды, білімді, дана. Сафия есімімен үндес, Сафия - "саф таза, тұнық; таңдаулы" деген мағына береді.