2021 жылы сұраныста болатын 12 дағды

2021 жылы сұраныста болатын 12 дағды
Фото: dribbble.com/tannerwayment

Бүкіләлемдік экономикалық форумның (WEF) кейінгі есебінде еңбек нарығына талдау жасалып, 2021 жылы және одан кейін де мамандардың сұранысқа ие болуына ықпал ететін дағдыларды атады. Massaget.kz редакциясы есептегі тізімді ықшамдап, негізгі машықтарды ұсынады.

1. Аналитикалық, инновациялық ойлау жүйесі

Аналитикалық ойлау жүйесі үлкен дерек қорымен жұмыс істеп, оны жүйелеуге, ақпаратты дәйекті игеріп, логикалық қорытынды жасауға көмектеседі. Ал инновациялық ойлау жүйесі проблемаларға шығармашылық көзбен қарап, оны шешудің альтернатив жолын іздеу және идея туғызу үшін керек.

2. Үздіксіз білім алу және білім алу стратегиясын жасай білу

Үздіксіз білім алу – маманның әрдайым білім алуға ұмтылуы, үздіксіз дамып отыруы. Ал білім алу стратегиясын жасай білу түрлі тәсілдерді тиімді пайдалану үшін керек.

3. Проблеманы кешенді түрде шеше білу

Бұл дағды проблеманы пайда болмай тұрып шешуге және кәсіпте сенімді шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл дағдыны игеру үшін маман процестерді жүйелі талдап, қатерге баға беріп, оның алдын алып, жаңа стратегиялар жасай алуы керек.

4. Сыни ойлау және анализ

Сыни ойлау қабілеті дамыған адам негізі мәселеге объективті баға бере біледі, анализ жасап, шешімін соған сай негіздей алады. Сонымен бірге бұл дағды ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін керек.

5. Креатив, оригинал, бастамашыл болу

Түрлі ситуацияға креатив көзқараспен қарай білу компанияның, кәсіпорынның дамуына ықпал етеді. Сондықтан креатив ойлай алатын, сонымен бірге бірегей идея ұсына алатын, бастамашыл мамандар әрдайым сұранысқа ие болады.

6. Лидер болу және ықпал ете алу

Бұл тек басшыларға ғана керек дағды емес. Егер қатардағы қызметкер өзіне жауапкершілік алып, ойын дәйектеп, идея ұсынып, әріптестерін соған бағыттай алса, компанияның дамуына әсер етуі мүмкін.

7. Технологияны қолдану, мониторнг жасау және бақылау

WEF эксперттері бұл дағдыны мынадай аспектілерге бөлген: 1) жұмысқа керек құрал-жабдықтардың түрін ажырата алу; 2) жұмысты индикаторлар арқылы бақылай алу; 3) өнімге қойылатын талап пен қажеттікті анықтау.

8. Бағдарламалау және дизайн

Бұл дағдыларды меңгерген мамандар компьютер бағдарламаларының, дизайнның табиғатын біледі және соны тиімді іске асыра алады.

9. Стреске бейім болу

Бұл дағдыға сай, маман стресс алу қаупі басым ситуациялардың алдын алып, қиын жағдайлардан шығу жолын байыпты түрде таба алуы керек.

10. Пайымдау, проблеманы шешу және идеяларды генерациялау

Проблемаларды анықтай алу, олардың себебін білу, қателерді түзету және оның салдарын дұрыс пайымдай алу аса маңызды. Бұл дағды командадағы қарым-қатынасқа әсер етеді.

11. Эмоциялық интеллект

Өзіңнің және өзгенің эмоциясын алдын ала біліп, байсалды қабылдап, оларды талдай алу үшін эмоциялық интеллект мықты болуы керек. Бұл дағды әріптестермен көбірек қарым-қатынас жасайтындарға аса қажет.

12. Адамды сендіре алу және келіссөз жүргізу

Бұл дағдылардың мәні – "Неге?" деген сұраққа аргумент арқылы жауап беріп, кез келген әрекеттің себебін түсіндіре алу. Келіссөз жүргізе алатын адам өз позициясын түсіндіріп қана қоймай, екінші тараптың да пікірін тыңдай алуы керек.

Massaget.kz