- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- Павлодарда 4...
Павлодарда 4 жұмысшы белгісіз газдан уланған
Павлодар облысында 4 жұмысшы белгісіз газдан уланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Облыстық жедел жәрдем станциясына сілтеме жасап.
Оқиға 5 қыркүйекте сағат 17:48-де Шарбақты ауданында болды. 4 жұмысшы кәріз құдығына түскен. Онда техникалық жұмыстарды жүргізілуі керек болған. Алайда 68, 49, 42, 32 жастағы жұмысшылар белгісіз газдан уланған. Ер адамдар аудандық ауруханаға шұғыл жеткізілді.
Бірақ 68 және 42 жастағы жұмысшылардың жағдайы ауыр болды. Сондықтан оларды медициналық авиацияның бригадасымен Павлодарға жеткізу туралы шешім қабылданды. Науқастар №3 қалалық ауруханасының токсикологиялық бөлімшесіне жатқызылды.
Еске салайық, 31 тамызда Шығыс Қазақстан облысында да осы жайтқа ұқсас жазатайым оқиға болған еді. Сол күні сағат 16.25-те Шығыс Қазақстан облысы Алтай кентінде, "Востокцветмет" ЖШС Ертіс кенішінің "Ертіс" шахтасында ауысым кезінде белгісіз заттан улану белгілері бар 4 жұмысшының мәйіті табылды.
Қаза болған екі кенші - "Востокцветмет" ЖШС қызметкері, тағы екеуі - "Шахтстрой Инжиниринг" ЖШС мердігер ұйымының қызметкері еді.
Артынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ШҚО-дағы кеніште 4 адам қаза тапқан жазатайым оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрды.
А. Есен