- Негізгі бет
- Жаңалық
- Із-түзсіз кеткен Әділ...
Із-түзсіз кеткен Әділ ақынның жыр жинағы жарық көрді
Бүгін, 20 ақпан Жазушылар Одағында ақын Әділ Ботпановтың жыр жинағының тұсауы кесілді. Жиырма жылдан бері ғайып болған ақын туралы бүгіндері ешқандай дерек жоқ. Гүлсім Ботпанова есімді жарымен шаңырақ көтеріп, бір қыз, бір ұлды дүниеге әкелген Әділ Ботпанов жиырма жылдан бері өз шаңырағына қайта оралмаған.
Кеш шымылдығын ақынның лирикалық жырлары ашты. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің бір топ студенті Әділ Ботпановтың шығармашылығынан өлеңдер оқыды.
"Бұл кітаптың шығуына себепші болған ағамыз - Темірғали Көпбаев. Маралтай ақын "Сен құрастыра бер, мен баспа табамын" деген еді. Темірғали ағамыз келіскен соң, үшеуміз отырып қандай форматта жасау керектігін ойластық. Содан соң, мың данасы шықты. Әділдің жерлестері, қызылордалық Нұрмат және Шакизада есімді үлкен азаматтарымыз тағы бір мың данасын шығаруды қолға алып отыр. Алла қаласа, бұл кітапты кітапхана жүйесі арқылы таратсақ деп отырмыз", - деді осы кешті ұйымдастырып, кітаптың жарық көруіне мұрындық болған жандардың бірі, ақын Бауыржан Бабажанұлы.
Әділ ақынның бірге оқыған жолдасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы
"Қазығұрт" баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев
"Бұл кеш үлкен тарихи оқиға, мен үшін. Мұны қазақ әдебиеті тарихындағы үлкен оқиға деп санау керек. Қазақ әдебиетінің көгінде Әділ Ботпанов деген жұлдыз бар. Әдебиеттегі талант үшін жас өлшем емес. Мысалы, 27 жасында өткен орыстың Лермонтовы ұлы ақын емес деп қайсың айта аласың? Сол секілді өзіміздің Саттар Ерубаев та жиырма үш жасында өмірден озды. Осы жасқа дейін ол өлеңін де, новелласын да, романын да жазды. Әділ ақынмен екі-үш рет жүздескенбіз. Сол кездері "Теңіздің дәмі - тамшыдан" дегендей оның қандай адам екендігін, қандай дарын иесі екендігін бірден-ақ аңғарғанмын. Ақын үшін бұрқыратып жазудың түкке де керегі жоқ. Мақсат ол емес. Тек ақынның артында аз болса да, оқуға лайықты жыр қалса, болды. Қазақта Әділдей із-түзсіз жоғалған ақын жоқ. Әділ - жалғыз", - дейді ақын Темірғали Көпбаев.
Ұйымдастырушылар сахна төріне ақынның әкесін шығарып, қазақшалап шапан жапты.
Ақынның әкесі Әнуарбек ақсақал
"Әдекең өте дарынды кісі. Ол өлең жазғанда ерекше бір ойға шомып отыратын. Өлеңге адал кісі еді. Міне, бүгін оның аз ғана болса да өлеңдері кітап болып шығып жатыр. Мұндағы әр өлең адамның ойына, көңіліне қонымды дүниеге толы. Әдекеңнің бүгінде бір ұл, бір қызы өсіп келеді. Әдекеңе берілген өлең жазу құдыреті оның балаларына дари қоймады. Әйткенмен олар әкелерінің жырларын оқып, жаттап жүреді", - дейді ақынның жары.
Ақынның жары Гүлсім Ботпанова
Сахна төріне әкелерінің туындыларын оқуға көтерілген қос қарлығашты көріп көрермен өз Әділін көргендей болды...
Ақынның ұлы Әнуарбек Ақназар
"Жүрегімнің түкпіріндегі ізгі арманым, әкеме деген сағынышым ерекше. Әкем мен 3 жаста, інім 1 жаста кетті. Содан бері оралмады...", - деп қыз жүрегі қақ айырылып, жанары жасқа малынды.
Ақынның қызы Әнуарбек Меруерт
Әке мейірімін аңсаған Меруерттің тебіренген сәтін көріп, көрермендер де көздеріне жас алды.
Кеш барысында сахна төріне Ботпановтың бірге оқыған досы, ақын Маралтай Райымбекұлы шығып, өткен күндерден естелік айтты.
Ақын Райымбекұлы Маралтай
Әділ Ботпановтың "Сәлеметсіз бе?" деген өлеңіне ән жазған Қалдыбек Құрманәлі де әрі інісі, әрі досымен өткен қызыққа толы күндерін еске алып, жақсы естеліктерімен бөлісті. Болашақта ақынның өлеңдеріне тағы да ән жазып, оның ән болып әуелеген жырларының кешін үлкен көлемде өткізуге күш салатындығын айтты.
Кешке келген көрермен сахна төрінен осыдан жиырма шақты жыл бұрынғы ақындар бейнесін көрді. Олар Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Бауыржан Бабажанұлы және кеш кейіпкері - Әділ Ботпанов. Композициялық қойылымды ҚазҰУ-дың "Біз" студенттер театры сахналады. Қойылымның жетекшісі - Бекзат Смадияр.
Шығармашылық кештің ең тәтті тұсы осы болды.
Өмірінен өлеңін артық көрген ұлы ақын бүгін бар ма екен, әлде жоқ па? Көпке белгісіз бұл дарын иесі қашан келіп өз кітабын қолына алып, халқына жыр оқыр екен?
Мөп-мөлдір жырларын жаудырған Әділ Ботпанов "Қарашығым" деп қабырғасы қайысқан әкеге ғана емес, "Әдекем" деп қайғы жамылған жарға ғана емес, "Әкешім" деп жәудіреген балаларға ғана емес, "Қара өлеңім - қасиетім" деген қазаққа да керек. Әділдігі рас болса мына өмірдің, қазақ қайта Әділімен қауышса екен...
Дайындаған және суреттерді түсірген: Ақерке Әбілхан
А. Әбілхан