- Негізгі бет
- Жаңалық
- Үмбетәлі Кәрібаевтың төте...
Үмбетәлі Кәрібаевтың төте жазумен басылған кітабы табылды
Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында ақынның ең сүйікті шәкірттерінің бірі Үмбетәлі Кәрібаевтың 148 беттік кітабы табылды. Ол шамамен 1950 жылдары араб қарпіндегі төте жазуымен басылып шыққан.
Бұл кітап бұрын соңды мұражай қорында болмаған. Музейдің ғылыми қызметкері Меруерт Әбішева осы кітапты Жетісу өңірінің тумасы, қарт-зейнеткерден алғанын айтты. Неге екені белгісіз, кітап иесі әзірше өзінің аты-жөнін жарияламауды өтінген екен.
Кітап өте ескі, сыртқы мұқабасы жыртылған, бірінші бетінде Үмбетәлінің бұрын еш жерде жарияланбаған суреті бар.
Ақынның шығармалары 15 рет басылып шыққан. Үмбетәлі Кәрібаев музейінің директоры, суретші Әуелбек Искаков бұрын-соңды оның шығармалары төте жазумен кітап болып басылып шыққанын кездестірмегенін айтады.
"Музейдің ғылыми қызметкері Меруерт Әбішева Республикалық орталық кітапханаға барған кезінде, бір қарт кісімен сөйлесіпті. Ол кісі Меруерт Әбішованың Үмбетәлі Кәрібаев музейінде жұмыс істейтінін білгесін, үйінде ақынның төте жазуда шыққан кітабы бар екенін айтқан. Сол кітап осыдан үш-төрт күн бұрын қолымызға тиді. Қарт кісі аты-жөнін жариялаудан бас тартыпты. Себебі бұл кітапты жас кезінде Қытай Халық Республикасында танымал бір жазушыдан ұрлап алған екен", дейді Үмбетәлі Кәрібаев музейінің директоры Әуелбек Искаков.
Төте жазумен жазылған кітаптың алғы сөзінде "Жамбыл Жабаевтың сүйікті шәкірті, халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың өлеңдер жинағы" деп жазылған. Алғы сөздің авторы ретінде "Әбілғазы" есімі көрсетілген.
Әуелбек Искаковтың айтуынша, бұл кітап Қытай Халық Республикасында басылған. Себебі Қазақстанда шықса, автордың аты-жөнінен бөлек, оның ғылыми атағы да қоса жазылушы еді.
"Үмбетәлі Кәрібаев негізінде өлеңдерін төте жазумен жазған. Мұражайда төте жазумен жазылған 2 мың беттік қолжазбасы бар. Бірақ ақынның төте жазумен басылып шыққан кітабын алғаш рет тауып отырмыз. Бұл кітапқа бұрын еш жерде жарияланбаған, бізде жоқ "Алатау әні", "Қойшы", "Қазақстанның тойына" деген өлеңдері еніпті. Тағы бір ерекшелігі, кітаптың мұқабасына Үмбетәлі Кәрібаевтың еш жерде басылмаған суреті қойылыпты. Мен өзім Үмбетәлі Кәрібаевтың немересімін, отбасылық суреттер қорында да бұл сурет жоқ. Негізінен атамыз суретке қазақы шапан, қазақтың бөркімен түсетін. Бұл кітаптағы суретіне костюммен түсіпті", - дейді Әуелбек Искаков.
Үмбетәлі Кәрібаев музейінің қызметкерлері болашақта осы кітапты толықтай кириллица қарпіне аударып шығу жоспарда бар екенін айтты.
Үмбетәлі Кәрібаев кім?
Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы қазіргі Үмбетәлі Кәрібаев ауылында туған қазақтың халық ақыны.
Жасынан домбыра тартып, өлең-жыр шығарған. Ауылда оқып, хат таныған. Бақтыбай мен Тезек, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарын, “Мың бір түн”, “Тотынама” дастандарын жатқа айтып, ел арасына таратқан.
Шығыс әдебиетінің мазмұнында “Үш өнерпаз”, “Патша мен ұрылар”, тарихи сюжетке құрылған “Кемпірбай мен Қисық батыр”, бүгінгі өмірге байланысты “Марқа”, “Мәлікбек” дастандарын шығарған.
1916 жылы Жетісудағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, оны жырға қосты. Үмбетәлі шығармалары “Өлеңдер мен дастандар” (1938), “Өлеңдер” (1951), “Өлеңдер мен толғаулар” (1958) деген атпен жарияланды, 1962 жылы таңдамалы шығармалары жарық көрді.
Үмбетәліге Алматы облысында ауыл аты берілген және аудан ортасында ақынның мұражай-үйі ашылған.
Үмбетәлі Кәрібаевтың Жамбыл ақыннан бата алуы
Үмбетәлі Кәрібаев бала кезінен-ақ өлең-жырға қызығып, өзі домбыра жасап, айтысқа қатысқан. Алғаш 12 жасында жыр алыбы Жамбылды көріп қатты тәнті болыпты. Жасы он сегізге толғанда арнайы Жамбылды іздеп келіп:
– Жасыңнан ақын Жамбыл атанғаның,
Атақты Сүйінбайдан бата алғаның.
Шәкірті Сүйінбайдың болғаннан соң,
Үйіңде тыныш қана жата алмадың.
Әдейі ат арылтып інің жетті!
Қолыңды жай, келеді бата алмағым, – дегенде Жамбыл ақын:
– Қара сөзге жүйрік екенсің, – деп батасын беріп, ақ жол тілеген екен.
Қара өлеңнің қара жорғасы атануы хақында
80 жылдық ғұмырында Үмбетәлі ақын Кенен Әзірбаевпен төс қағыстырып дос болған. Орынбай, Иса, Кенен, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай сынды белгілі халық ақындарымен айтысқан. Қырғыз жыршылары Оспанқұл, Жаманқұлдармен, қазақ зиялылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлиндермен және орыс жазушысы Михайл Шолоховпен шығармашылық байланыста болған.
Кемеліне келіп, Үмбетәлі бір жиында бет қаратпай барлық ақынды жеңіп отырғанда Жамбыл ақынның өзі келіп айтысқа шақырыпты, сонда Үмбетәлі тұрып:
"Сіз менің бата алған ұстазымсыз, айтыспаймын. Бас жүлде сіздікі" деп өз қолымен апарып берген екен. Жыр алыбы Жамбыл:
– Мен сені келіп едім сынағалы,
Бұйырған алып жүрмін сыбағаны.
"Қара жорға" деп саған ат қоямын,
Сөзімнің болсын осы тиянағы, – деп риза болып, "Қара жорғам" деп атаған екен. Содан бері Үмбетәлі ақын "өлең-сөздің қара жорғасы" атанып кеткен деседі...
Айта кетейік, жыл сайын Үмбетәлі Кәрібаев ауылында "Үмбетәлі Кәрібаев оқулары" өтеді.
Т. Раушанұлы