Ұлы музыкант Дэвид Боуи атындағы әдеби клуб ашылды

Ұлы музыкант Дэвид Боуи атындағы әдеби клуб ашылды
Фото: vk.com

All the things that are my life
My moods, my beliefs
My desires, me alone
Nothing to regret
This is no place, but here I am
D.Bowie 

Дэвид Боуидің  Дункан Джонс есімді үлкен ұлы өзінің даңқты әкесінің құрметіне әдеби клуб ашты.

Көзі тірісінде музыкантқа жақын болған адамдар оның нағыз кітапқұмар болғанын айтады. Баласының әдеби клуб ашуына да әкесінің осы қасиеті себеп болған. Клубтың талқысына түсетін алғашқы туынды — Питер Акройдтың "Хоксмур" (1985) аталатын фантастикалық детективі. Сүйікті өнерпазының клубына қосылғандар бұл кітапты 1 ақпанға дейін оқып шығуы керек.

Жалпы, "Хоксмур" романы екі параллельде орын алатын оқиғалар негізінде жазылған. Бірінде XVIII ғасырда Лондон қаласында шіркеу салумен айналысқан архитектор Николас Дайердің өмірі туралы айтылса, екіншісінде 1980-ші жылдары сол храмдарда орын алған өлімдердің себебін анықтаушы Николас Хоксмур есімді детектив туралы сөз болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы белгілі музыкант Дэвид Боуи 69 жасқа толған туған күнінде Blackstar атты альбомының тұсаукесерін жасаған болатын. Күйтабақ сатылымға шыққан күннен-ақ Billboard чартының бірінші қатарынан орын тепті.

Ал автор тұсаукесерден екі күн өткен соң көз жұмды. Оның тыңдармандары соңғы альбомды музыканттың қоштасу сыйы деп қабылдады. Алайда, екі аптадан соң Боуидің тағы бір альбом жаздырып қойғаны туралы ақпарат тарады. Кейін анықталған мәліметтер бойынша, рокердің бір ғана емес, бірнеше альбомы дайын болып шықты, автор өсиет қағазында оларды жарыққа шығаруға рұқсат берген екен. Осылайша музыкант өмірден өтсе де, жаңа туындылары әлі жарық көріп келеді.

P.S. Дэвид Боуи: “Өлім – уақыт пен кеңістікті қабылдау шеңберінен тыс ұғым”,- дейді.

Менің көңілім, сенімім, қалауым –
Мендік өмір.
Өкініш жоқ.
Бірақ...
Менің қазіргі мекенім өзге,
Дегенмен, бұл әлі соңы емес.

А. Оралқызы