- Негізгі бет
- Жаңалық
- Ұлттық архив қоры...
Ұлттық архив қоры Ұзақбай Доспанбетовтің жеке тектік құжаттарымен толықты
Жазушы, сыншы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ұзақбай Доспанбетовтің жеке тектік құжаттары Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне сый ретінде 2016 жылы тапсырылған.
2020 жылы Ұ.Доспанбетовтің жеке тектік қор құжаттары ғылыми-техникалық өңдеуден өткізіліп, мемлекеттік сақтауға қабылданды. Жеке тектік қор құжаттары құрамында өмірбаянына қатысты құжаттары, роман, повесть, әңгімелері т.б. шығармаларының қолжазба нұсқасы бар. Сонымен қатар әр-түрлі тақырыптағы мақалалары, пікірлері, хаттары, фотоқұжаттары бар.
Жазушы, сыншы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ұзақбай Доспанбетовтің жеке қорында сақталған қызықты құжаттарымен танысып, зерттеушілерге зерттеуге және пайдалануға беріледі.
Ұзақбай Әбдікерімұлы Доспанбетов 1941 жылдың 30-шы наурызында Алматы облысы, Ескелді ауданының Қаратал ауылында дүниеге келген. 1966 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін бітіріп, 1967 жылдан бастап, әр түрлі орталық басылымдарда "Балқаш еңбеккері", "Қазақстан коммунисі", "Жұлдыз", "Жалын" жұрналдарында "Ұлан" газетінде қызмет еткен.
Жазушы өз оқырмандарына "Гауһар тас", "Сырғалы қыз", "Қардағы гүл", "Сағым" атты әңгімелері мен повестер жинақтарымен танымал бола түскен. "Шың мен Шыңырау" романында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Алдабергеновтің өмірін арқау ете отырып, сол ортадағы қарама-қайшылықтарды, адамдар тағдырын заман рұхына сай, жан-жақты ашып көреткен. Ал "Қызыл жолбарыс", "Абылайдың ақ туы" деген атаулармен берілген роман-эпопеяда қазақ тарихындағы ең бір қасіретті, қайғылы кезең, халық жадында "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" деген атпен сақталған жоңғар шапқыншылығы оқиғаларына арналған. Оның ішінде негізінде Жетісу өлкесінде, әсіресе, Іле мен Қаратал өзендерінің аралығында, Қаратау бойында болған оқиғалар жан-жақты суреттелген. "Ел есінде" романында соғыстан кейінгі колхоз өмірін, сол кездегі аналарымыздың ерен еңбегі жайлы баяндайды.
Тәжірбиелі қаламгер көп жылдар бойы "Жұлдыз", "Балдырған" жұрналдарының алқа мүшесі болған, әрі "Балдырғанның" жыл сайынға үздік әңгімелері үшін берілетін сыйлығының иегері. 1999 жылы өзінің туған Қаратал ауылының "Құрметті азаматы", сондай-ақ 2009 жылы Ескелді ауданының "Құрметті азаматы" атанған.
Төлебаев Т.Ә. т.ғ.д.,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры
Максымканова А.Х.
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің
1 курс PhD докторанты