Төлеген Айбергенов шығармаларын жаңаша зерттеуге жол ашылмақ

Қазақ әдебиетінің, оның ішінде поэзиясының шырқау биікке көтерілген бір сәті – өткен ғасырдың 60-жылдары екені ұлттық әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынымызда даусыз мойындалған шындық. Сол тұста өлең әлемін түрлеген өзгеше тұрпатты таланттардың бірі Төлеген Айбергенов болатын.

Шығармашылығы ұлтымыздың рухани байлығына айналған бұл ақынның жырлары халқымызға кең танымал болса да, оның шығармашылығының зерттелуі кең көлемде өріс алып кете қоймады.

Әрине, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов секілді академиктердің теориялық еңбектерінде, Бақыт Кәрібаева сияқты профессорлардың зерттеулерінде, Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Тұрсынжан Шапай іспетті білікті сыншылардың әдеби мақалаларында Т.Айбергенов шығармашылығы сөз болып, ішінара талданғаны бар. Сол секілді 1996 жылы Рахмет Аяпбергенұлы «Төлеген Айбергеновтің ақындық мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық қорғап, 2009 жылы «Алдаспан ақын» атты монографиясын жарыққа шығарды. Десек те, келер жылы туғанына 80 жыл толатын ақын Төлеген Айбергеновтің шығармашылығын зерттеудің жаңа көкжиегі көріне бастады. Оған осы жылдың 22 ақпанында «Атажұртын аңсаған Төлеген Айбергенов» деген атпен Ақтау қаласында және қазанның 14-інде Шымкент қаласында «Төлеген Айбергенов аңсаған әлем» деген атпен өткен екі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өткені дәлел.

Жақында сол екі конференция материалдары негізінде екі бірдей жинақ жарыққа шығып, Т.Айбергенов шығармашылығын қадір тұтатын қауымның қолына тиді.

Ақтау қаласынан шыққан алғашқы жинақтың («Атажұртын аңсаған Төлеген Айбергенов») көлемі 14 баспа табақтан асады. Оған 50-ге жуық автордың еңбектері енген. Олардың арасында Қайыржан Аралбаев, Салтанат Айбергенова секілді ғалымдардың, Сабыр Адай, Көмек Ыбырайұлы, Мұрат Бекей секілді қаламгерлердің, Әлімбай Найзабаев, Көгедай Шамерхан, Құралай Райымбекова, Ақмаржан Бақытова секілді зерттеушілердің мақалалары өздерінің талдау ерекшелігімен назар аударса, Шымкент қаласынан басылып шыққан көлемді жинаққа (404 беттен тұрады) кірген материалдар конференцияның кең көлемде ұйымдастырылып, тек еліміздің ішіндегі ғана емес, көршілес елдердегі ғалымдардың да атсалысуымен  салмақтана түскенін көреміз.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Төлеген Айбергенов аңсаған әлем» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда жиынды ашқан осы оқу ордасының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев пен жиында алғаш сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовтің сөздері аталмыш ғылыми жинақтың беташары ретінде берілген. Мұнда Оңалбай Аяшев ақын Төлеген Айбергеновтің шәкірті ретінде ақынға, оның шығармашылығына құрмет сезімін білдірсе («Алғашқы ой»), Мекемтас Мырзахметов Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтында оқытушылық қызметте жүріп, Төлегеннің алғашқы ақындық қадамын бақылаған ұстазы ретінде қызықты деректерді алға тартып, қызғылықты жайларды әңгімелеген («Ақындық сүйегіне өткен бозбала»). Сол секілді жинақта беріліп отырған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбектің «Телегей теңіз тебіреністер ақыны», Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, профессор Бауыржан Жақыптың «Сендей саңлақ өмірге келер ме екен қайтадан» мақалалары мен Ә.Найзабаев, К.Қайрулла, А.Исаева секілді зерттеушілердің материалдары ақын шығармашылығына сан қырынан ой жүгіртіп, бағалы тұжырымдар жасайды.

Ғылыми жинаққа енген Қарақал­пақстанның белгілі әдебиет­танушы ғалымы, филология ғылы­мының докторы, профессор Сарыгүл Бахадырованың «Төлеген Айбергенов лирикасындағы туған жер тақырыбы», Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің оқытушысы Шырын Смамутованың «Төлеген Айбергеновті қарақалпақ халқы өз ақынымыз деп біледі» деген тақырыптағы баяндамалары ғылыми теориялық негізі бар еңбектер ретінде бағалы.

Ақын шығармашылығына арналып қос қалада өткен ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары алдағы уақытта атап өтілуі тиіс Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығы қарсаңында ғылыми жұртшылықтың назарына ілініп, өзінің лайықты бағасын алып – болашақта дүниеге келер байыпты зерттеу еңбектерге жол ашып жатса, құба-құп.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Дерекөзі: "Түркістан" газеті