«Бабалар сөзі» атты жүз томдығымыз ұлттық брендке айналды. Бабаларымыздың асыл сөзін бір арнаға тоғыстырып, ұрпаққа ұсынған ғалымдарымыздың еңбегін сөзбен айтып жеткізу қиын. Ауыз әдебиетінің мұраларын жинап, жариялауға ат салысқан М. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының қолжазба, текстология және инновация бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к., маман Тоқтар Әлібек ағамыздан сұхбат алдық.
- Тоқтар аға, сәлеметсіз бе? Редакциямызға қош келдіңіз. Сізге жастардың атынан үлкен алғысымызды айтамыз. Бабалардың аманатына қиянат жасамай, құны өтелмес жәдігерді табыстап отырсыздар. Осы 100 томдықпен айналысқан ұжымдарыңызда қанша адам жұмыс істеді?
- Әзірбайжан деген қуатты мемлекетті алыс-жақын елдің барлығы таниды. Жақында сол мұнайлы өлкеден екі ғалым келді. Олардан «Әдебиетті қалай зерттейсіздер?» деп сұраған едік, әдебиет, фольклор, қолжазба институтының жеке орналасқандығын, әрқайсысында 250 адамнан жұмыс істейтіндігін айтты. Бізде таза ғылыммен айналысатын 70-80 адам ғана бар. Ал бабалар сөзімен тікелей айналысқандар - 10 адам. Осы 10 адам екі-үш адамнан біріге отырып бір том дайындадық. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша жылына 10 том әзірледік.
- Сіздерге студенттер көмектесті ме?
- Қажырлы еңбекті талап ететін жұмыс болғандықтан, оларды көп қинамадық. Бүгінгі таңда ғылыммен айналысамын деген жастар өте аз. Егер мықты маман боламын десе, алдымен төте жазуды білуі тиіс. Алдағы 10 жылдың ішінде латын қарпіне көшейін деп отырмыз. Ал көп ұзамай 20-30 жылдың ішінде кириллицаны оқитын адамның саны азаяды. Біз жақында Өзбекстанға, Әзірбайжанға бардық, ол жерде өздерің секілді жастар орыс тілін білмейді. Ал латынға ерте көшкен елдер кириллицаны оқи алмайды. Сол күндер бізде де туады. Арғы жазуымыз руникалық еді. Оны кім және қанша пайдаланғанын толық айта алмаймыз. 1929 жылға дейін араб әліпбиін пайдалансақ, 1929-39 жылдар аралығында латынға көштік. 1939 жылы қайтадан кириллицамен жаза бастадық. Сол уақыттан сыр шертетін тарихи деректер халықты надан, көп бөлігі сауатсыз деп көрсетті. Мұның барлығы да жалған мәліметтер. Себебі ол кездегі адамдар араб қарпімен жазды. Соғыс кезінде де хат жазып, сыртындағы мекенжайын толтырар кезде қиналды. Пошташы өзі танымайтын жазумен жазылған хатты алудан бас тартты. Міне осы араб, латын қарпімен жазған адамдар сауатсыздардың қатарына кіріп кетті. Сондықтан болашақта ғылымға келемін десеңіздер, алдымен төте жазуды үйреніңіздер. Ол мәңгілік қажетімізге жарайды.
- Бабалар сөзі қанша тиражбен шықты?
- Бұл сұрақтың жауабы қиындық тудырады. Қазақстанда, менің білуімше, 4000-нан астам кітапхана бар. Оның барлығын 100 томдық кітаппен қамту мүмкін емес. Жақында Астанада кітаптың тұсаукесері болған кезде саясаткерлерге осы мәселені айттық. Әсіресе кітап көтеруге ерінетін жастарға электронды нұсқасын дайындау керектігін алға тарттық. Мысалы, былтыр 1 ай көлемінде Қытайға барғанымызда, ол жерде тұрып жатқан отандастарымыз бізден кітап сұрады. Өкінішке орай, қолымызда оларға үлестіре салатын кітап болмады. Ұлттың жәдігері қайда жүрсек те, барлығымызға ортақ қой. Ғылым қартайып барады. Жастар жалақысы төмен болғандықтан, басқа саламен айналысуда. Оңайға жүгірмейтін, болашақта аянбай еңбек ететін мықты кадр дайындауымыз керек. Институтымызға еңбектенемін деп келген жастар бір-екі жылдан кейін кетіп қалады. Жастардың тілімен айтқанда, ғылымның «жанкүйерлерін» іздейміз.
- Жаңа Қытайға экспедициямен бардық деп айтып қалдыңыз, халқымызға қатысты ауыз әдебиеті мұраларын жинауға бардыңыздар ма?
- Ия. Былтыр екі мемлекеттің келісуімен бардық. Сол экспедициямыздың арқасында қолымызда миллионға жуық мәтін бар. Ол жақтан алып келген жазбаларды бір жыл өтсе де, жүйелей алмай отырмыз. Арасында ән, жыр, би, бақсы сарыны да кездеседі. Киіз үйдің ішіне атпен кіріп, шаңыраққа өрмелеп шығатын бақсы сарынын алғаш көрдік. Тәнті болып, бейнебаянға түсіріп алдық. Алдыңғы жылы Тәжікстанға бардық. Ол жақтағы жастардың жағдайы мүшкіл. Айына алатын шәкіртақысы 3-5 доллар ғана. Сол мемлекетте түркі халықтарына ортақ Яссауиға қатысты біз білмейтін көп мәлімет сақталған екен. Мұнымен қатар "Қыпшақ тарихы" деген кітап алып келдік. Оның 30%-ы қазаққа тән. Ішінде XV пен XVII ғасырларға тән деректер бар. Бұл кітап парсы тілінде жазылған. Кітапты аударған жағдайда, бүгінгі тарихшыларымыздың іздеп жүргені табылады деген ойдамыз.
- Қаражат мәселесіне мемлекет көмектесті ме?
- Мемлекеттен қаржы алу үшін 3 түрлі грант бар. Ол гранттардың бірін ұтып алу үшін алдын ала жоба ұсынамыз. Сол жоба мақұлданған жағдайда ғана қаражат аламыз.
- Бізде басқа түркі халықтарымен салыстырғанда әдеби мұраны жариялау мәселесі қай орында?
- Бөліп-жарып айтқанымыз жөн болмас. Бұл ең бірінші - қазақтыкі, екінші - бүкіл түркі халқына ортақ мұра. Ішіне исламға тән дүниелерді, "Мың бір түн" мен "Тотынаманы" да кіргіздік. Осылайша дүниежүзілік аренаға шықтық. Біз мұрасын 100 том етіп шығарған жер бетіндегі жалғыз халықпыз. Мұндай ерлік Америка, Қытай секілді отырықшы алып империялардың да қолынан келмеді. Қырғыздарда 40, башқұрттарда 30-ға жуық шығатын шығар. Бірақ, біздің ауыз әдебиетінің мұраларымен ешқайсысы да теңесе алмайды. Бұл 100 томдығымыз болашақта Гиннесс рекордтар кітабына кіруі мүмкін.
- Аға, сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
Сұхбаттасқан: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: aikyn.kz