- Негізгі бет
- Жаңалық
- «Тектілік тегеуріні» кітабының...
«Тектілік тегеуріні» кітабының тұсаукесері өтті
10-шы маусым күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер иснтитутында этнограф жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Алматы облысының және «Жамбыл» ауданының «Құрметті азаматы» Жанат (Жәнатхан) Ахмадидің «Тектілік тегеуріні» атты тарихи-деректі романының тұсаукесері өтті.
Жиынға әділеттілікті ту еткен қазақтың көрнекті сатирик қаламгері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғаббас Қабышұлы, қазақ әдебиетінің белді өкілі, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Смағұл Елубай, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, 68 монографиялық еңбектің авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбден, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, ақын, аудармашы, «Кафка» атындағы халықаралық сыйлықтың және «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы – Алтын Адам» сыйлығының иегері Шөмішбай Сариев, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Еркін Жаппасұлы, танымал публицист Саясат Бейісбай, кітаптың редакторы, халықаралық «Жамбыл» атындағы сыйлықтың иегері, Жазушылар Одағының мүшесі Доқтырхан Тұрлыбек, түбі бір түркінің бірлігінің жаршысына айналған «Түркі әлемі» газетінің және Түркі халықтары мәдени қорының атқарушы директоры Дариға Жүніс, кітап авторы және кітаптың күретамыр кейіпкері медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлы, сонымен қатар, Жасан Зекейұлының әкесімен ағалы-інілі, достық қатынаста болған, ҚХР-нан арнайы келген, өзі тұратын өңірге белгілі сазгер Нұрсалғазы Қызыкенұлы, жалпы кітапсүйер көпшілік қатысты. Жиынды әдебиет зерттеушісі Серікқазы Қорабай жүргізді.
Кітаптың тұсаукесеріне жиналған сөз өнерінің саңлақтары қазақ әдебиетіндегі тарихи-деректі жанрдың тағы бір қазынаға молайғанына тоқталды. «Тектілік тегеуріні» аталатын романның бас кейіпкері Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы болғанымен, кітап тек ата-тек шежіресі мен өмірбаяндық өсу жолын баяндаудан тұрмай, тарихи кезеңдер яғни, қазақ халқының қысылтаяң шақтарды бастан өткеруі, онан соң Қытай компартия билігі кезіндегі шынайы оқиғалар тізбегінен құралуымен де құнды екені айтылды.
Атамекеніне оралып, алған білімін өз елінің қажетіне жаратып, дерті дендеген науқастарды айықтырып келе жатқан орталық басшысы Жасан Зекейұлына сөз алғандардың барлығы дерлік айрықша алғыстарын білдіріп, тектілік, білімпаздық, еңбекқорлық, жомарттық қасиеттеріне де тоқталып өтті.
Түйінсөзді алған ұлттық ұғым, халықтық салт-сана, қазақы жөн-жоралғының білгірі, мақал-мәтелдердің мәйегін беруші, сөз шебері Жанат Ахмади жиынға келген қаламдастарының әрбіріне тоқталып, естеліктерден сыр ақтарды. Өзі сомдаған кейіпкері – Жасан Зекейұлына, оқырмандарына, жиналған көпшілікке алғысын айтты.
Г. Берік