Кеше, яғни 30 қаңтарда Алматыда "Kazakstan: Ұлттық идея және дәстүрлер" атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбек тарихшы Қанат Нұровтың 2011 жылы жарық көрген "Казакстан: национальная идея и традиции" атты кітабының қазақша аудармасы. Аударған - мәдениеттанушы, ақын, билингвист Әуезхан Қодар.
Автор кітапта Қазақстанның ұлттық идеясы турасындағы ғылыми тұжырымдарын бөліседі. Тарихшы қазақ халқының ежелден келе жатқан ашық мінезіне ерекше мән беріп, осы қасиетті жаңғырту, дұрыс пайдалану туралы ойларын ортаға салады.
Кездесу барысында автор қонақтардың сұрақтарына жауап берді. Кітапты қазақ тіліне аудару кезінде туындаған қиындықтар туралы айтып берді. Қанат Нұровтың айтуынша, кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы ғылыми тілде жазылған болса да қарапайым халыққа түсініктірек, әрі оқуға жеңіл болып шыққан.
Жиын соңында қонақтар автордың қолтаңбасын алуға асықты.
Кітап елдегі "Меломан" дүкендерінде сатылып жатыр.
сурет: ©Еркебұлан Қайрахан