Мұқағали Мақатаев - қазақтың маңдайына біткен біртуар ақын. «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын. Бәлкім одан кейінгі ғасырлардың да құрдасы шығармын» деген еді ақын өз күнделігінде. Оның өлеңдері бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналып үлгерді.
Ақынға деген құрмет күннен-күнге артып келеді. Бүгінде Мұқағали ақынға арналып түрлі игі істер жасалу үстінде. Кеше ғана оның Қарасаздағы музейінің алдындағы және Алматыдағы Мақатаев көшесі мен Желтоқсанның қиылысында орнатылған ескерткіштерінің жалғасындай Талдықорған қаласында бюсті орнатылды.
Ақын бюсті Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында бой көтерді. Бюстің авторлары - Шоқан Төлеш пен Алтай Бейсенов. Тұтас граниттен жасалған бюстің биіктігі 3,5 метрді құрайды.