"Сөз қадірі". Бақыт Беделханұлымен сыр-сұхбат

"Сөз қадірі". Бақыт Беделханұлымен сыр-сұхбат

Қараша айының 14-ші жұлдызында қазақ білімінің қара шаңырағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінде Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын, драматург Бақыт Беделханұлымен "Сөз қадірі..." атты сыр-сұхбат кездесу кеші өтті.

Жас кезінен жасындай жарқылдап, жақсы орталарда жайдары мінезі мен терең білімі, өзіндік стилімен ерекшеленіп танылған ақын сыр-сұхбат кешінің еркін форматта, емен-жарқын өткенін қалады. Ақынның  өзі жайлы өлеңімен өрбітіп айтқан әңгімелері, өткен шағына деген өзгеше бір сағыныштың тәтті сезімдері кешке қатысушы қонақтардың көңілін толқытып, Алматының 20 жыл бұрынғы аурасына бөлеп, тамаша әсер қалдырды.

- Мені өзгелерден ерекшелейтін қазақы дәстүр мен сөз тарихы, ру шежірелері, аңыз-әңгіме, ел арасындағы қиссаларды қисапсыз білетінім болса керек. Бұған себеп, бесік жырынан бастап апамның айтқан әңгімелері, оқыған кітаптарым, ортам, білімге деген құштарлығымнан,- дейді ақын.

Ақын өз шығармашылығы жайлы, театрлардағы қойылымдары, "хит" болып танылған әндері турасында, ең алғашқы айтыскер ақын ретінде айтыс сахнасында қалай суырыпсалмалығын ашқанын, 6 жасында мұғалімдерге айтқан тәрбиелі ақылын айтып бір күліп алды. Кешке қатысушылар ақынның шығармашылығынан тыс, қазіргі әдебиет, қазақ әдебиеті, әлем әдебиеті жайында көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Ақын өз өлеңдерінен үзінді оқып, домбырасын қолына алып, әуезді әндер айтты. Ақыннан шабыт алса керек, студенттер суырылып шығып өлеңдерін оқып, әндер әуелетіп, әдеби кештің әсерін арттырды.

Сыр-сұхбат кеші, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы және Жастар жылына орай өткізілді. Педагогика және білім беру менеджмент кафедрасының п.ғ.к., доцент Р.С.Қасымова ұйытқы болып, Әдебиеттану мен Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курс магистранттарының ұйымдастыруымен өткізілді. Кеш соңында Роза Қасымова Бақыт Беделханұлына кездесуден алған рухани әсері туралы, магистрант, студенттердің атынан рақметін айтып, магистранттар атынан сыйлықтар табыс етті.

Бақыт ақын да, "Бақытқа қарай бермей уақытқа да қараңыздар",-деп әзілдеп, алғысын айтып, әңгімесін түйіндеді. Кеш соңында көрермендер қадірлі қонақпен естелікке суретке түсіп, тамаша әсермен тарқасты.

ҚазҰУ
Әдебиеттану магистранттары

Н. Үсенова