Шыңғыс Айтматовтың баспа бетін көрмеген романы табылды

Шыңғыс Айтматовтың баспа бетін көрмеген  романы табылды

Шыңғыс Айтматовтың бұған дейін жарық көрмей келген романы табылды, деп хабарлайды «Интерфакс – Ресей» агенттігі. Жазушының қызы Шырын Айтматова (Қырғызстан парламентінің депутаты) қолжазбаны әкесінің жазу бөлмесінен тауып алған.

«Жер мен сырнай» атты роман 40-шы жылдары Үлкен Шу каналының құрылысы кезінде Шу Буддасының үлкен ескерткішін тапқан адам жайында баяндайды. Айтматова романның жазылу уақытын нақтылап айтпаса да, белгілі бір себептерге байланысты өз кезінде басылып шығуы екіталай екендігін меңзеді. Шығарма түпнұсқасы әбден тозып, сарғаюына байланысты ол қайта басылған. Қазірде электронды түрде сақталып, орыс тілді оқырманға бір жылдың ішінде жол тартады. Ал бұдан кейінгі мәселе романның ағылшын тіліне аударылуы болмақ.

Романның қазақ оқырмандарына да қызықты әрі пайдалы болуын Үлкен Шу каналымен қатысы барынан-ақ білуге болады. Себебі 1940 жылы құрылысы бастау алған Батыс Шу каналы қазіргі Қазақстан аумағын қамтып, Шу алқабына дейін барып тірелгендігі мәлім. «Адамзаттың Айтматовы» атанған қаламгердің алғашқы «Жәмиласынан» бастап, «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасыр­дан да ұзақ күн», «Жанпида» секілді даңқты шығармаларының образдары да, рухы да, мінезі де қазаққа етене жақын екенін ескерсек, «Жер мен сырнай» романы да біздің елде іздеп жүріп оқитын туынды боларына шүбә келтірмейміз.

сурет:baq.kz

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Л. Лига