- Негізгі бет
- Жаңалық
- "Шабыттың" Гран-при иегері...
"Шабыттың" Гран-при иегері тұңғыш жыр жинағын шығарды
Қостанайдағы Л.Толстой атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын, Халықаралық Шабыт шығармашыл жастар фестивалінің Гран-При иегері Абылай Маудановтың «Көкалатым — киелім» атты шығармашылық кеші болып өтті. Ақынның «Сары дәптер» деп аталатын тұңғыш жыр жинағының тұсаукесер рәсіміне Тобыл өңіріндегі зиялы қауым өкілдері түгел жиналды. Бұл туралы adebiportal.kz порталы хабарлады.
Абылай Мауданов – Жанкелдин ауданының Көкалат елді мекенінде туып-өскен. «Еңбек» кеңшары атанған шағын ғана ауылдан кезінде Назарбек Бектемісов, Төлен Әбдікұлы, Қоғабай Сәрсекеев, Қойшығара Салғарин, Қонысбай Әбілев сияқты есімдері елімізге кеңінен мәлім ақын-жазушылар шыққан. Міне, осындай киелі топырақта кіндік қаны тамған Абылайдың да ақын болмауы мүмкін емес-ті.
Ақынның шығармашылық кешінің шымылдығы шағын деректі фильммен түрілді. Онда ақын туып-өскен Торғай даласының қасиеті бейнеленеді. Деректі фильмнің өн бойында ақын Нұрқанат Құлабаев шәкіртінің лирикалық шеберлігін жоғары бағаласа, әріптесі Мағауия Қалиев оның еңбекқорлығын алға тартты.
Отыз жасында-ақ орда бұзған Абылай ақынның облыстағы өнерлі азаматтармен шығармашылық байланысын оны құттықтауға келген қонақтардың ілтипатынан байқадық.
Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай филиалының директоры Ғ.Ахметчин мен кітапты басып шығарған «Қарлығаш» баспасының директоры Ә.Әмір «Сары дәптердің» тұсауын кесті. Кеште жергілікті қаламгерлер Серікбай Оспанов, Нағашыбай Мұқатов, Ақылбек Шаяхмет, Әсия Беркенова, Әлфия Орманшина, композитор Бақытжан Сәуекенов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қалмақов және бір топ театр әртістері ақынға жүрек жарды лебіздерін арнап, өлең-жырдың тиегін ағытты. Ақынның ата-анасы Фазылхан әкей мен Биғайша анамыз да тереңнен толғады. Белгілі ақын Нағашыбай Мұқатов кешті поэзия мерекесіне балады. Оның да өзіндік себебі жоқ емес. Жоғарыда айтқан театр әртістері А.Мауданов өлеңдерін нақышына келтіріп орындап берді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жазылғандай «Сары дәптерге» Абылайдың өлең-жырларымен қатар сатира жанрындағы, сықақ, пародия, шарж жанрында жазған туындылары кірген. Соның бірі «Агая» мен «Ағай-ай» атты сықақ әңгімесін І.Омаров атындағы қазақ драма театрының белді әртісі Нұрлыбек Кенжеахметов оқып, жұртты күлкіге кенелтті.
Абылай Мауданов әнге мәтін жазатындығын бірі білсе, бірі білмейді. Қазіргі таңда қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Төреғали Төрәлі орындайтын «Тотыдайын» әнінің сөзін жазған да Абылай ақын. Осы кеште ақынның досы, домбырашы Абзал Алпысов «Әуелі мадақ Аллаға» атты Абылайдың термесін орындады.
Кеш соңында автор көпшілікке «Сары дәптерін» сыйға тартты.
Автор: Қасқырбай Қойшыманов
Сурет: adebiportal.kz
Ш. Талап