- Негізгі бет
- Жаңалық
- «Шабыт» фестивалінде 644...
«Шабыт» фестивалінде 644 қатысушы жүлделерді сарапқа салады
Қарашаның 3-і мен 8-і аралығында Астанада XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтеді. Конкурсқа қатысуға 644 адам өтінім берген. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Биыл байқауға қатысуға ниет білдіргендердің ішінде 192-сі «Бейнелеу өнері» номинациясында, 154-і «Хореография» және 134-і «Халық музыкасы» номинациясында шеберлік байқасады. Соңғы номинацияда қатысушылар домбыра, қобыз-прима, қылқобыз, шертер-бас шертер мен прима домбыра аспаптарында ойнайды.
Басқа үш номинация бойынша 164 өтінім келіп түскен, соның ішінде «Үздік әдеби шығарма» номинациясында - 45, «Классикалық музыка» - 77 және «Эстрадалық вокал» - 42.
Биыл елордалық жастар белсенділік танытып отыр, «Шабыт» фестиваліне Астанадан 175 адам қатыспақ, ал қалған өтінімдерді Қазақстанның басқа қалаларынан, сондай-ақ, шет мемлекеттерден – Әзербайжан, Бурятия, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Украинадан келетін үміткерлер ұсынған.
Бұрын хабарланғандай, конкурсанттарды іріктеу үш турмен өтеді. Қатысушылардың репертуары мен әрбір музыкалық аспапқа арналған шығармаларды ұйымдастырушылар алдын ала белгіледі. Әрбір номинация бойынша конкурсты өткізу бағдарламасы мен өткізу орны туралы толық ақпарат www.shabyt.astana.kz сайтында жарияланған.
«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі 19-шы рет өткізіліп отыр. Аталған шара өнер әлеміндегі маңызды оқиға болып табылады. Бұл - жас дарындарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Осы күнге дейін фестивальға өнердің түрлі жанрлары бойынша 10 мыңнан астам адам қатысқан. Тұрсынбек Қабатов, Қалқаман Сарин, балет әртістері Гүльфайруз Құрманғожаева мен Әйгерім Бекетаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері опера әншісі Айгүл Ниязова және басқа да танымал тұлғалар әр жылдары фестивальға қатысып, Гран-при иегерлері атанған.
Н. Айдархан